Атаулы әлеуметтік көмекті табыс көзіне айналдырғандар көп.
ERNUR.KZ. Екі мыңға жуық отандасымыз мемлекеттен заңсыз жәрдемақы алып келген. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді, деп жазады «Хабар 24».
Оның айтуынша, бұл сан әлі де өсуі мүмкін. Өйткені құзырлы орын тарапынан тексеріс жүруде.
Биыл сәуірде жағдайы жұтаң отбасыларды жарылқау үшін мемлекеттен берілетін жәрдемақының көлемі ұлғайған еді. Сөйтсек, орайлы тұсты ұтымды пайдаланғысы келгендер көбейіпті. Екі мыңға жуық отандасымыз атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген. Құзырлы орын өкілдері мұны арнайы тексеріс кезінде анықтады.
- Өкінішке орай, біздің елде игі істер жасалып жатса, содан пайда көріп қалғысы келетіндер міндетті түрде табылады. Атаулы әлеуметтік көмекті табыс көзіне айналдырғандар көп. Өйткені, ондағы төлем жоғары. Бір отбасыға ай сайын 105 мың теңгеден беріледі. Осыны көздегендер түрлі айла-шарғыға көшіп жатыр, - дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.
Араны ашылғандарға тықыр таянды. Жәрдемақыға ортақтасқандардың ісі енді сотта қаралмақ. Мемлекет басшысы өткен аптада бұл саладағы шикілікті дереу жоюды тапсырған. Президент банктерде берешегі бар отандастарымыздың қарызын кешіру туралы тапсырманы да кешіктірмей орындау қажеттігін ескерткен еді. Ұлттық банк төрағасы осы бағытта қандай жұмыстар жасалып жатқанын айтып берді.
Бірінші кезекте көп балалы отбасылардың, асыраушысынан айырылғандардың, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандардың және атаулы әлеуметтік көмек алып келгендердің қарыз жүктемесі азаяды.
- Болашақта азаматтардың берешектерінің өсуін шектеу мақсатында осы жылдың соңына дейін Ұлттық банк кредиттеу субъектілерін, оның ішінде онлайн кредиторларды, кредиттік серіктестіктерді және ломбардтарды реттеу мәселелері бойынша қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдайды. Қарыз бойынша төлемдердің кейін отбасына қалыпты өмір сүруге қаражат қалуы үшін азаматтардың борыштық жүктемесін есептеу кезінде қарыз алушының барлық міндеттемелері, оның төлем қабілеттілігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады, - деді ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Ерболат Досаев
Енді банктер несиені оңды-солды тарата бермейді. Ұлттық банк төрағасы қаржы ұйымдары қарыз беретін кезде тұтунышының төлем қабілетін мұқият тексереді деді.
Ол түгіл бюджеттен бөлінетін әрбір тиын бұдан былай қатаң бақылауда болады. Мемлекет қаржысын орынсыз жұмсап яки тиімсіз жоспарлағандар енді қатаң жауапкершілікке тартылады.
- Ағымдағы жылғы желтоқсанда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Есеп комитетімен бірлесіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны және жоспарлағаны үшін жауапкершілікті күшейту бойынша шаралар, оның ішінде заңнамаға өзгерістер қабылданатын болады, - деп пікір білдірді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов
Қаржы қысқан қазіргі кезде иммидждік жобалардың шетте қалатыны түсінікті. Өйткені мемлекет бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді шешуге күш салмақ. Ал елордадағы жеңіл рельсті көлік құрылысын қалай да аяқтау қажет. Орта жолдан тоқтатып тастауға болмайды. Қазір мамандар бұл құрылысқа жұмсалатын ақшаның қайдан алынатынын пысықтап жатыр. Жолаушыларға арналған жаңа көлік түрін келер жылдың соңында қолданысқа беру көзделген.
- Қазіргі уақытта Нұр-сұлтан қаласының әкімдігі «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ мен Ұлттық банкпен және Қаржы министрлігімен бірге «Астана банкі» АҚ-дағы бұғатталған қаржысын алу мәселесін қарастыруда. Жобаны одан әрі іске асыру мәселесі 24 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласын дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қаралатын болады, - дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек.
Әлемтапырақ болған Арыстың да ажары кіріп келеді. Осы күнге дейін жарылыстан бүлінген 2 мыңға жуық баспана қайта қалпына келтірілді. 155 үй толығымен қирап қалған екен. Сондықтан жұмысшылар оларды бұзып, қайта салуды қолға алған. Жақын күндері өңірдегі ахуал түзеледі.
- Мемлекет басшысы аатап өткендей, Үкіметтің қазіргі және алдағы басты міндеттері халықтың өмір сүру сапасын және табысын арттыру. Жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестициялар тарту болып табылады. Барлық мемлекеттік органдар, Ұлттық холдингтер, әкімдіктер инвестиция тарту бойынша жұмысты белсенді түрде жүргізуі тиіс. Осы ретте мемлекет тарапынан қажет қолдау шаралары қабылданып, инвестициялық ахуалды жақсарту қажет. Осы жұмысты бақылау үшін әрбір мемлекеттік органға, ұлттық холдингке және әкімдікке өзекті көрсеткіштер белгіленеді, - деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Үкімет отырысын осылай түйіндеген Асқар Мамин Президент жүктеген әрбір міндетті мүлтіксіз орындау керектігін айтты. Бұқараның базынасына бас бұрып, елге қаржы тарту қажет. Министрлер мен әкімдердің жұмысы енді тек осылай сыналады.