Әңірімізде карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді.
Атырау облысында коронавируспен ауырғандардың қатары азайып, сауығып шыққан науқастардың саны артуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ Атырау облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Осының негізінде өңірімізде карантиндік шектеу шаралары жеңілдетіліп, халықтың тыныс-тіршілігіне қажетті салалар мен нысандар кезең-кезеңімен іске қосылуда. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Асылбек Шаров мәлімдеді.
- Қазіргі уақытта коронавирустық инфекцияның оң нәтижесі 8 адамнан анықталып отыр. Пандемияның шарықтау шегіндегі көрсеткішпен салыстыратын болсақ, бұл дерттің азайғандығын көрсетеді. Бүгінде жұқпалы дерттен айығып шыққандар саны 10374 адамды құрайды.Қауіпті індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Кәсіпкерлік нысандар және қарапайым халық денсаулығына дұрыс қарамай, негізгі санитарлық нормаларды сақтамаса, эпидемиологиялық ахуал қайтадан нашарлап кетеді деген қауіп бар. Сондықтанда қаулыда көрсетілген сақтық шараларын бұлжытпай орындау - баршамыздың міндетіміз деп білемін. Облыс тұрғындарынан уақытша шектеулер мен тыйымдарға түсіністікпен қарап, негізгі санитарлық нормаларды сақтауды сұраймыз, - деді Асылбек Шаров.
Сондай-ақ, алдағы уақытта шектеу немесе жеңілдету шараларын өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды және коронавирус жұқтырғандардың санын ескере отырып қабылданатын болады.
Еске сала кетейік, Атырау облысының тұрғындары арасында коронавирустық инфекциясының таралуын азайту мақсатында, облыстың бас санитардәрігерінің қаулысына сәйкес, 2020 жылдың 31 тамызынан қыркүйек айының 14-не дейін шектеу шаралары ұзартылған болатын.