Қала тұрғыны өзінің қайтыс болған күйеуінің атына айыппұл келе беретіндігі туралы шағымданған.
ERNUR.KZ. Атырауда көлігіне қайтыс болған адамның мемлекеттік нөмірін тағып алған тұрғын ұсталды, деп жазады sputnik.kz.
Полиция басқармасына 64 жастағы азаматша өзінің қайтыс болған күйеуінің атына айыппұл келе беретіндігі туралы шағымданды. Аталаған арыз бойынша патрульдік полиция қызметкерлері жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлерімен бірлесіп, көлігіне қайтыс болған адамның мемлекеттік нөмірін тағып жүрген 20 жастағы қала тұрғынын анықтады. Жігіт қайтыс болған адамның мемлекеттік нөмірін өзінің Ресей мемлекетінде тіркелген ВАЗ-21114 автокөлігіне тағып жүрген.
Тексеріс барысында 20 жастағы азамат тағып жүрген жалған нөмірдің атына тіркелген 350 840 теңгенінің 16 айыппұлы бар екені анықталды. Оның айтуынша, ол мемлекеттік нөмірді тауып алған. Қазіргі уақытта аталаған азаматқа қатысты іс-құжаттар жинақталуда.
Одан басқа, 9 желтоқсан күні сағат 23:00 шамасында Атырау қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері Әуезов көшесінің бойынан күдік тудырған Lada Priora автокөлігін байқап, полиция қызметкерлеріне хабарлаған.
Полиция қызметкерлері көлікті тоқтатқанда оның мемлекеттік нөмірі жалған екені анықталды. Көлік иесі 20 жастағы жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 590-бабының 4-бөлімі бойынша (жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірі бергілері бар көлік құралын басқару) хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды. Енді ол 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл төлеуі немесе бiр жыл мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан айырылуы мүмкін.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрін пайдаланған 20-дан астам жүргізуші анықталды, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.