Атырауда метанмен жүретін автобустар жолға шықты

0
2 508

Бұл автобустар қоршаған ортаға лас шығарынды шығармайды.


Атырауда метанмен жүретін автобустар жолға шықты

ERNUR.KZ. Атырау қаласында метанмен жүретін автобустар маршрутқа шықты, деп жазады ҚазАқпарат.

Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ақ Жайық Автопарк» ЖШС-нің қаржысына экологиялық тұрғыдан қоршаған ортаға лас шығарынды шығармайтын 160 жаңа автобус сатып алынған.


«Жаңа автобустардың қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында автопарк аумағында оңтүстіккореялық компрессорлармен қамтылған метан газын құю бекеті бой көтерді. Жаңа газ құю бекеті толық автоматтандырылған. Өндіруші тарап бекеттің қызметіне 10 жыл кепілдік беріп отыр. Мұнда әр автобус 15-18 минутқа кідіреді. Бір мезгілде қатар тұрған 6 автобусқа көгілдір отын құю мүмкіндігі бар», - дейді автопарк директоры Қуантай Қалман.



Оның айтуынша, экологиялық автобустар Атырау қаласы мен қала маңындағы елді мекендер тұрғындарын 6 бағытта тасымалдауды бастады. Ал, биыл Атырау қалалық әкімдігі жолаушылар тасымалына жұмылдырылған автобустар санын 140-тан 250-ге дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл саптағы 220 автобус мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктері үшін толық бейімделген.



«Биыл қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін жолаушылар тасымалындағы 7 бағытта автобустардың қозғалыс уақыты жеделдетілді. Маршруттардың жүру бағытына өзгерістер енгізіліп, ұзартылды. Қалада бұрын қамтылмай келген 3 бағытқа жаңадан автобустар шығарылды» -деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.



Сондай-ақ, автопарктің дайындық деңгейіне байланысты жақында жаңадан 5 маршрутты іске қосу жоспарланып отыр.