"Жағымсыз болса да, сол жағдайдың болғаны менің жаңа өмірімнің бастауы болған секілді"
Сурет: cdn.marica.bg
"Сан түрлі тағдыр бар. Әркімнің басында әйтеуір бір қайғы, шешілмеген түсіндер. Біреулердің жайын тыңдасаң, жүрегің езіліп кетеді тіпті. Сонда да, мына өмірде жақсы, жағымды жайттар да жоқ емес қой. Сондықтан, мәселесін айтып, мұңын шағатын оқырмандар қатарынан болмайын, басқаша бір оқиғаны баяндайын деп өздеріңізге шығып отырмын. Әрі кез келген жаман жағдайдың да соңында бір жақсылық күтіп тұратынына мысал болсын" деген ізгі ниетпен ERNUR.KZ редакциясына шымкенттік замандасымыз хабарласты.
"Ауылдан шыққан қарапайым қызбын, орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, арман қуып әсем қала Алматыға оқуға келдім. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін студенттік өмірге мен де қадам бастым. Осы кезден басталатын өмірлік тарихымды баяндайын дегенмін.
Жатақханада тұрдым. Ол жердің қатаң тәртібі болғанымен, айналада өзіміз сияқты студенттер, күніміз қызықты өтетін. Таныстықтар көп болатын. Қысқасы әр күн мейрам еді ғой.
Жаңа жыл қарсаңында бір атаның балаларындай болып достасып кеткен студенттер жиналып, отырыс ұйымдастырдық. Тобымыздағы бір қыз қаланыкі еді. Анасы және екі бауырымен көпқабатты үйде тұратын. Анасы мен бауырлары ауылға қыдырып кеткен күні сол қыздың үйіне жиналып, ойын-сауық құрып, басымызға көтердік. арамызда ішімдік ішіп, масайып қалғандар да жоқ емес.
Жастық, балалық қой. Ештеңені ойлап, байыбына бара қоймайтын кезіміз. Біздің у-шуымызға шыдамаған көршілері полиция шақырып жіберіпті. Сөйтіп, үстімізден арыз түсіп, учаскелік полиция келіп бәрімізді түсініктеме жазғызу үшін бөлімшеге алып кетті. Ол жаққа барған соң масайып қалғандар шу шығарып, полиция қызметкерлерімен ерегісіп кетті. Өзді-өзі боп ерегісіп, төбелесуге дейін барған екі группаласымды ажыратам деп мен де айыпты боп қалдым. Сөйтіп, шу шығарғандарды ертеңге дейін қамауға аламыз деп бір есікті ашып, бізді ішіне кіргізіп жіберді. Біраз қыздар үйлеріне кете алмай, "жібере салыңыздаршы" деп жалынып, не керек, таңға дейін біраз әбігерге түскеніміз бар. Қорқып жылаған қыздар да болды. Ұлдардың да кейбірінің өңдері бозарып, көздері алақандай болғанын кейін еске алып, біразға дейін күліп жүрдік.
Айтайын дегенім, сол кездейсоқ жағдайдың болғаны менің жаңа өмірімнің бастауы болды. Сол жерде жұмыс істейтін жас жігіттің көзі маған түсіп қалған екен. Кейін түсініктемеде жазған деректер бойынша іздеп, жатақханамызға тауып келді. Басында қашқақтап едім, түрлі сылтаулармен қайта-қайта келгіштеп жүріп, ақыры өзіне қаратып алды.
Қазір екеуміз отбасын құрғанбыз. Онымен жолықтырған тағдырыма рахмет айтамын. Екі баланың ата-анасы атанып отырмыз бүгінгі таңда. Кейде бір адамдардың бақытты болуы үшін осындай келеңсіз жағдайлар да болып тұрады екен. Соңында қайыры бар деп осындайда айтатын шығар. Сондықтан, басыңызға қандай жағдай түссе де, түңілмеңіз. Соңында сіш үшін жақсы бір қайырлы нәрсе күтіп тұрған болуы мүмкін."