​Ауғанстан азаматтарына шекараны кесіп өтуге көмектескен қазақстандық ұсталды

0
674

Шетелдіктерге көмектескен Қазақстан азаматын ірі айыппұл, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге абақтыға жабу жазасы күтіп тұр.


​Ауғанстан азаматтарына шекараны кесіп өтуге көмектескен қазақстандық ұсталды

ERNUR.KZ. Ауғанстан азаматтарына шекараны кесіп өтуге көмектескен қазақстандық ұсталды, деп жазады sputnik.kz

"Қостанай облысында Ресеймен шекараны заңсыз кесіп өтпек болған екі ауған азаматы ұсталды. Оларға өз отандасымыз көмектескен", - деп хабарлайды өңір полициясының баспасөз қызметі.

"Материалдық сыйақы үшін Ауғанстанның екі азаматын Қостанай облысының Қарабалық ауданына жеткізіп, Ресейге кетуге көмектескен Қазақстан азаматы ұсталды", - делінген хабарламада.

Анықталғандай, шетелдіктердің бірінің мүлде ешқандай құжаты жоқ. Сот шешімімен ол Қостанай қаласы полиция басқармасының қабылдау-бөлу орталығына қамалды.

Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 394-бабы 1-тармағы "Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Шетелдіктерге көмектескен Қазақстан азаматын ірі айыппұл, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге абақтыға жабу жазасы күтіп тұр.

Еске салсақ, Ауғанстан бір айдан астам уақыт бойы Талибан* қозғалысының бақылауында отыр. Бұл Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған экстремистік діни ұйым. Көптеген ел өз азаматтарын эвакуациялады, оның ішінде Қазақстан да бар.

Бұған дейін ҰҚШҰ елдері өз аумағында ауған босқындарын орналастырмайтынын мәлімдеді. Қазақстан Ауғанстанда тұратын этникалық қазақтарды ғана қабылдап жатыр.