Ауыл шаруашылығы министрі жақсы жаңалықты бөлісті

0
480

Мемлекеттік субсидиялау бойынша бірыңғай ақпарат базасын енгізу жұмысы жалғасады.


Ауыл шаруашылығы министрі жақсы жаңалықты бөлісті

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев субсидия бөлудің жаңа жүйесі келесі жылға ауыстырылғанын мәлімдеді. Оған қоса, биыл шаруалар шығынын өтеу үшін қосымша қаржы бөлінеді, деп жазады sputnik.kz.

"Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың біраз нұсқасы дайындалған болатын. Жұмыс тобының отырысында бірнеше рет талқыланды. Алайда субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстыруға шешім қабылданды. Бұл әлемдік азық-түлік нарығындағы құбылмалылыққа байланысты және соңғы оқиғалар салдарынан шкі нарықты сақтау мақсатында жасалып отыр", - деді Қарашөкеев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Осылайша, биыл қолданыстағы субсидиялау жүйесі сақтала береді. Оған қоса, президент жолдауынан кейін агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға қосымша 92,4 миллиард теңге бөлінеді.
"Ол ақша былтыр жинақталған берешекті өтеуге бағытталады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге пайдаланатын тауарлық және материалдық ресурстардың өсуі салдарын жоюға бағытталады. Жергілікті атқарушы органдар өз кезегінде субсидиялау нормативтерін бекіту жұмыстарын жандандырып, қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуі керек", - деп атап көрсетті Қарашөкеев.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік субсидиялау бойынша бірыңғай ақпарат базасын енгізу жұмысы жалғасады. Қазіргі кезде осы жүйе Ақмола облысында тестік режимде қолға алынды. Ал маусым айынан кейін барлық республика бойынша енгізіледі.
Айта кетері, 16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түліктің қымбаттап жатқанына алаңдаушылық білдірді.
"Украинадағы жағдай азық-түлік бағасының күрт өсуіне себеп болды. Бәлкім, жақын арада баға барлық абсолютті рекордтан да асып кетуі мүмкін", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмысын сапалы түрде өткізу маңызды екенін ерекше атап өтті. Соның арқасында ішкі нарықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуге болады. Бірқатар аймақта жауын-шашынның аз түсуі өнім көлеміне кері әсер етіп, жеп-шөп тапшылығына әкеліп соқтыруы мүмкін. Осыны да ұмытпауымыз керек, деді президент.