Ауыз судың сапасы – халық денсаулығының негізі

0
227

Елімізде халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап өзекті.


Ауыз судың сапасы – халық денсаулығының негізі

фото: images.theconversation.com

Ауыз судың сапасы – халық денсаулығының негізі. Ендеше, тұтынуға ұсынған тіршілік көзінің сапасы қандай? Жақсы да жоғары болуын кімдер бақылайды? Ең ақыры, көзін ашсаң, сарылдай жөнелетін құбырдың арғы жағында кімдердің қажырлы еңбегі тұр?

Елімізде халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап өзекті. Әсіресе 2000 жылы кейінге қалдыруға болмайтын мәселелер қатарына еніп, күн тәртібіне іліккен. Дәл осы жылы «Қазақстан Республикасының 2001-2030 жылдарға арналған «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы» қабылданған болатын. Басты мақсаты – ел тұрғындарын сапалы ауыз сумен қажетті мөлшерде әрі тұрақты қамтамасыз ету, сол арқылы қазақстандықтардың денсаулық жағдайын жақсарту. «Еліміздегі ауыз суға қатысты мәселелер 2025 жылға дейін 100 пайыз шешімін табуға тиіс» деген нық тапсырма да нақтыланды.

Одан бөлек, 2011-2020 жылдар аралығындағы жоспарды қамтитын «Ақбұлақ бағдарламасы» аясында да қыруар тірлік атқарылды.

Биыл аталған бағдарлама науқанының соңғы бесжылдығына аяқ бастық. Өткен жылдың қорытындысын ұсынған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлігі 2025 жылдың соңына дейін халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі Президенттің тапсырмасы толық орындалды, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі үлкен-кіші елдімекендер толықтай таза сумен жабдықталды деп ауыз толтыра есеп берді. Мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың өзінде Қазақстанның тоқсан қаласы мен 7,5 млн тұрғыны бар алты мыңнан астам ауыл ауыз сумен қамсыздандырылған.

Бірақ бұл ауыз су мәселесінің басына түбегейлі су құйылды дегенді білдірмейді. Су құбырларын тазарту-жаңарту жұмыстары, су бұру жүйесін жаңғырту, ауыз су сапасын бақылауда ұстау сынды үздіксіз процестер тағы бар. 2030 жылға қарай сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін отыз үш пайызға, ал су бұру желілерін қырық бір пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Елімізде ауыз су мен жалпы су сапасын бақылау бірнеше мемлекеттік органның құзыретіне бөлінген. Әрқайсысы өз бағыты бойынша жауап береді. Негізгі жауапты органдар:

1. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі – елдегі су саясатын қалыптастырады. Су ресурстарын басқару, бөлу, сақтау мәселелеріне жауапты.

2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі – қоршаған ортаның сапасын, соның ішінде судың экологиялық жағдайын бақылайды. Экологиялық талаптардың орындалуын тексереді. Өнеркәсіптік ластану, қалдық сулардың төгілуіне мониторинг жүргізеді.

3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі (оның құрамындағы Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет) – ауыз судың адам денсаулығына қауіпсіздігін тексереді. Халыққа берілетін судың сапасына тұрақты зертханалық бақылау жүргізеді. Су құрамындағы бактериялар, химиялық заттар бойынша санитарлық нормаларды бақылайды.

4. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі – су тасқыны, апаттар кезінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ төтенше жағдайларда су сапасының нашарлауына байланысты шаралар қабылдайды.

5. Жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) – қалалар мен ауылдардағы су құбырларының жағдайына жауап береді. Су жеткізуші коммуналдық кәсіпорындардың жұмысын бақылайды.

6. Су жеткізетін кәсіпорындар (водоканалдар) – қосымша бақылау деңгейі. Күнделікті сапа тексерісін жүргізіп отырады.

7. Тәуелсіз зертханалар мен қоғамдық ұйымдар да мониторинг жасай алады

2025 жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірлеріне ауыз су жеткізілуі жұмыстарына басымдық берілген. Бұл міндет өз межесіне жеткеннен кейінгі жағдай – 2026 жылы судың сапасын жақсарту және сол қалыпта ұстап тұру мақсаты басымдық алғандай. Жыл басынан бері су сапасына қатысты 70 мыңға жуық шағым тіркеліп, Үкімет бұл мәселені күшейтілген бақылауға алған. Су сапасына қатысты шағымдарды қабылдау – бақылау жүйесінің әлсіз тұстарын анықтап, шаралар қолдануға негіз болды. Нәтижесінде жылдың басынан бері Қазақстанда су сапасын бақылау мен жақсартуға қатысты бірқатар нақты іс-шаралар, жобалар және мемлекеттік бастамалар іске асырылып жатыр.

Су инфрақұрылымын жаңғырту (ауыз су сапасын жақсарту) бағытында 2026 жылы 2800 км су бұру жүйесін жаңарту жоспарланған. Алдағы уақытта бірқатар қалаларда жаңа тазарту нысандары іске қосылады. Қырық бес қалада кәріз-тазарту құрылыстары қайта құрылымдалатын болады. Бұл шаралар судың санитарлық сапасын жақсартуға және ластануды азайтуға бағытталған.

Одан бөлек, су көздерінің тікелей тазалығын жақсартуға бағытталған ребпубликалық «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы жүруде. Акция аясында бұлақтар мен өзен жағалауларын тазарту, 700-ден астам су нысанын түгендеу, санитарлық жағдайын жақсарту көзделген.

Су ресурстарын басқаруды күшейту мақсатында 2003 жылы қабылданған «Су кодексі» қайта қаралып, жаңа үлгісі күшіне енді. Онда су ресурстарын қатаң есепке алу, экологиялық баланс сақтау, ауыз суды тиімді пайдалану талаптары күшейтілген. Сондай-ақ, алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілген.

Су ресурстарын басқару, сапасын жақсарту саласына халықаралық сарапшылар тартылуда. Су тасқыны, ластану және сапа мәселелеріне қатысты жаңа стратегиялар әзірленуде. Бұл бағытта БҰҰ құрылымдарымен жұмыс жүріп жатыр.

Айта кетейік, 1991 жылдан бері тәуелсіз Қазақстан халқын таза ауыз сумен қамту жолында түрлі бағдарламалар қабылданды, жоспарлар құрылды. Жоспар бойынша атқарылған жұмыстарға бас-аяғы 1 трлн теңге жұмсалды деген ресми дерек бар.

Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ