АУЫЗСУ, БАСПАНА, ЖҰМЫС, ЖОЛ: Павлодарлықтарға жан-жақты жағдай жасалып жатыр

0
657

Бөлінген қаржы өз мақсатына жұмсалып жатыр.


АУЫЗСУ, БАСПАНА, ЖҰМЫС, ЖОЛ: Павлодарлықтарға жан-жақты жағдай жасалып жатыр

ERNUR.KZ. Бүгінде елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асырылып жатыр. Ұлттық жоба шеңберінде Павлодар облысы әкімдігі 2025 жылға дейін 10 көрсеткішті іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Тиісінше, 2022 жылы 43 млрд. теңге қаржы бөлініп, жалпы саны 167 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған.


Атап өтсек, қазіргі уақытта облыста құбырлардың өткізу қабілетін жақсарту және тұтынушыларды сапалы сумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы сомасы 2 772,8 млн. теңгеге 6 жоба іске асырылуда.


«Ал, ауыл тұрғындарының сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін арттыру жоспары 2022 жылдың соңына дейін 94,2 пайызды құрамақ. Алайда, өткен жылы осы көрсеткіштің асыра орындалуына байланысты ағымдағы жылдың соңына дейін нақты жоспар 95,9 %-ды құрайды деп жоспарлануда. Осыған орай 8 032,9 млн. теңге қаржыға 18 жоба іске асырылып жатыр», - деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.


Соның ішінде облыс орталығындағы С.Нұрмағамбетов көшесінде, сондай-ақ, Қ.Қамзин көшесінен Қ.Сұрағанов көшесіне дейінгі жалпы ұзындығы 500 метрден асатын шаруашылық-ауыз су мақсатындағы құбыр желілерінің күрделі жөндеу өткізіліп жатқанын айта кету қажет. Себебі, бұл жерлердегі ауызсу жүйелері елу жылға жуық уақыт бойы жөндеу көрмеген.

Павлодар облысында қалалардағы ағынды суларды тазарту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Атап өтсек, биыл бұл көрсеткішті 88,5 пайызға жеткізу мақсатында жалпы құны 8 486,9 млн. теңгені құрайтын 14 жоба іске асырылу үстінде.


Сонымен бірге, өңірдегі үйлерді ортақ жылу және су есептеу аспаптарымен қамтамасыз ету мақсатында жоспар құрылып, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 51 пайызға жеткізілмек. Атап өтсек, 418 бірлік жалпыүйлік есептеу құралдарын, оның ішінде 221 бірлік жылу есептегіш пен 197 бірлік су есептегіш орнату жоспарланған. Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 45,2 %–ды құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100 пайыздық деңгейге жеткізу жоспарланған.


Биыл Павлодар облысында 471,3 мың шаршы метр тұрғын үй ғимараттары пайдалануға беріледі. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға артық көрсеткіш. Атап өтсек, «Сарыарқа» шағын ауданында 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішіндегі 4 тұрғынүй «Алюминстрой» ықшамауданына қоныс аударушыларға арналған. Сонымен қатар, «Достық» шағынауданы бойынша жалпы ауданы 116,3 мың шаршы метрді құрайтын 1 390 пәтерлік 9 тұрғынүй салынып жатыр. Павлодар облыстық статистика департаментінің деректеріне сәйкес, 2022 жылғы қаңтар-маусым айларының аралығында тұрғынүйді пайдалануға беру көлемі – 112,5 мың шаршы метрді құраған.


Сондай-ақ, Павлодар облысында нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары бойынша биыл жалпы ұзындығы 286,7 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 9 450,6 млн. теңге қаралып, 36 жоба іске асырылып жатыр.

Атап айсақ, 1 255,8 млн. теңге қаржыға ұзындығы 40,3 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша 4 жоба, 8 194,8 млн. теңгеге ұзындығы 246,4 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар автожолдарды қайта жаңарту және жөндеу бойынша 32 жоба іске қосылған. Жыл қорытындысы бойынша Павлодар облысында «Нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі» 93 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр.


Мәселен, облыс орталығының өзінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, қаладағы оннан астам көшенің асфальт жабыны жаңартылып жатыр. Жөндеуден өткізіліп жатқан жолдардың жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды.


Жыл басынан бері Павлодар облысында ауыл шаруашылығы, сауда, жөндеу және өнеркәсіп салаларында көптеген тұрақты жұмыс орындары ашылған. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылдың алғашқы 6 айында өңірде 9 935 жаңа жұмыс орындары құрылған, оның 5352-сі тұрақты жұмыс орындары. Ақтоғай, Аққулы және Ертіс аудандарында жұмыспен қамтудың оң көрсеткіші байқалып отыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, 6 айда жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 11103 адам жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері «skills.enbek.kz» порталында 339 адам онлайн оқудан өтіп,«Бастау Бизнес» жобасы арқылы 123 азаматқа грант берілген. 60-тан астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 300-ден астам адам жұмыс тапқан. Жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың арқасында 900-ге жуық жаңа жұмыс орындары құрылған. Жалпы, 2022 жылдың соңына дейін 20855 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.


«Жалпы, Павлодар облысында Ұлттық жоба аясында жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қаражат толық бөлінген. Тиісті жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Көрсеткіштерді орындамау бойынша тәуекелдер жоқ», - деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.


Айта кетейік, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба іске қосылғалы бері ел аумағындағы барлық аймақтардың дерлік даму көрсеткіші жоғарылаған. Атап айтқанда, бірнеше министрліктің жұмысының нәтижесінде іске асырылып жатқан жоба тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, көліктік байланысты қамтамасыз ету және еліміздің көліктік-транзиттік әлеуетін дамыту және базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз етуді мақсат еткен. Тиісінше, мемлекет басшысы ұстанған «азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру» саясаты тиімді түрде жүзеге асырылмақ.

Сондай-ақ, 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жоба арқылы әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі Қазақстанның орнын «Инфрақұрылым» көрсеткіші бойынша 13 сатыға көтеру, ел аймақтарының жалпы өңірлік өнімін жыл сайын 3,9 %-ға жоғарылату, сонымен бірге көліктік-транзиттік жүк легін 22,7 тоннадан 30 миллион тоннаға дейін көбейту жоспарланған. Сонымен қатар, мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып саналатын жұмыссыздықты жою мәселесі бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылады. Атап айтқанда, 491,1 мың жұмыс орнын, оның ішінде 15,7 мың тұрақты және 475,4 мың уақытша жұмыс орнын құру жоспарланған.

Тағы бір айта кетерлігі – ұлттық жобаны жүзеге асыру арқылы ауылдық елді мекендерді денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік сала бойынша қамтамасыз ету, урбандалу деңгейі мен агломерациялар мен облыс орталықтарындағы халық санын көбейту, қалалар мен ауылдардағы сумен жабдықтау қызметтерін 100 пайыздық көрсеткішке жеткізу, барлық қаржыландыру көздері есебінен 236,7 мың жанұяның тұрғынүй жағдайын жақсарту, қоныс аударушылар мен қандастардың жұмыспен қамтылу деңгейін, оның ішінде кәсіпкерлік бастаманы дамыта отырып, 79 пайыздан 87 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Жалпы, Ұлттық жоба аясындағы барлық жоспарды іске асыру үшін ел қазынасынан 2021–2025 жылдарға 7 567 408 245,0 мың теңге қаржы бөлінген.