Белгісіз нөмірлерден ҮАААЖ жолымен жүру ақысын бөгде сілтемелер арқылы жеңілдікпен төлеуді ұсынатын SMS-хабарламалар жіберу жағдайлары тіркелген.
Фото: ҚазАвтоЖол
ERNUR.KZ. Үлкен Алматы автомобиль айналма жолын (ҮАААЖ) басқарушы компания жүргізушілерге ескерту жасады, деп жазады inform.kz.
- Мұндай хабарламалар алаяқтық сипатқа ие екенін еске саламыз. Өз қауіпсіздігіңіз үшін SMS-хабарламалар арқылы келген күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Жол жүру ақысын белгісіз немесе бөгде ресурстар арқылы төлемеңіз. Мұндай сілтемелер арқылы банк деректеріңізді және басқа да жеке ақпаратыңызды бермеңіз, - деп хабарлады BAKAD.
ҮАААЖ жүру ақысын жеке тұлғалар Kaspi Bank, Halyk Bank және Bank CenterCredit онлайн-банкинг қосымшалары арқылы «Төлемдер» бөліміндегі «БАКАД. Жол жүру ақысын төлеу» қызметі арқылы жүзеге асыра алады. Банк қосымшалары қолжетімсіз болған жағдайда, төлемді мына тәсілдер арқылы жасауға болады:
* Visa және Mastercard банк карталарын пайдалана отырып, https://webportal.barr.kz/login/ ресми веб-порталы арқылы;
* Qiwi-әмиян арқылы.
Кәсіпкерлік субъектілері (жеке және заңды тұлғалар) үшін төлем дербес шотты толықтыру үшін Оператордың есеп айырысу шотына банктік аударым жасау арқылы жүзеге асырылады.


