Азартқа беріліп кеткен бәс тігушіні туыстары сотқа бере алатын заң қабылданды

0
758

Жаңа заң экономикалық тұрғыдан да, моральдық-психологиялық жағынан да ойын бизнесі саласындағы бақылауды күшейтеді.


Азартқа беріліп кеткен бәс тігушіні туыстары сотқа бере алатын заң қабылданды

ERNUR.KZ. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ойын бизнесіне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп жазады baq.kz.

Жаңа заң "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Бұл заң ойын бизнесі саласындағы қолданыстағы заңнамасының нормаларындағы олқылықтарды жою, сондай-ақ заңнамалық шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік беретін ережелерді алып тастау жолымен жетілдіру мақсатында әзірленді. Құжат букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін реттеу мен бақылауды жетілдіруге, құмар ойындар мен бәс тігуге тартылатын және тәуелді азаматтардың санын қысқартуға бағытталған.
Шын мәнінде, игромания ауруға жататын нәрсе. Оған үйренген адам, оны өз күшімен жеңе алмайды. Сондықтан, депутаттар жаңа норма енгізіп отыр. Ол бойынша игроманияға берілген азаматты одан шығару үшін туысқандары сотқа бере алады. Бұл қажетті және тиімді норма деп есептеймін, - дейді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, жаңа заң экономикалық тұрғыдан да, моральдық-психологиялық жағынан да ойын бизнесі саласындағы бақылауды күшейтеді.

Енді жаңа заңға сай ставкаларды есепке алу орталығы құрылмақ. Онда букмекерлік кеңсеге қолма-қол немесе электрондық төлем жүйелері арқылы түсетін барлық төлемдер ескеріледі. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға түсетін барлық төлемдердің бірыңғай есебі көлеңкелі айналымды болдырмауға, салықтардың жиналуын арттыруға, бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Жалпы құжат ойын бизнесі саласындағы заңнаманы жетілдіруге және бәс тігуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.