Тұрғындар әсіресе балалар өмірі үшін алаңдаулы.
ERNUR.KZ. Кесір болған карьер! Таразда бүтін бір ауыл тұрғындары шағал тас өндіретін кәсіпорын аумағының ашық жатқанына наразы. Жұрттың айтуынша, қоршаусыз кен орны «ажал апанына» айналған, деп хабарлайды ktk.kz.
Ашулы топтың сөзіне сенсек, терең құздан адам да, мал да құлап мертігіп жатқан көрінеді. Сондықтан жұрт қауіпсіздік үшін өндіріс орны басшысынан биік бекініс салуды талап етеді.
Құмшағал ауылы іргесіндегі карьер тұрғындардың бас ауруына айналған. Шағал тас шығаратын кен орнының көлемі күннен күнге ұлғайып, табаны да тереңдей түскен. Мәселен мына құздың биіктігі 20 метрге жуықтайды. Жұрттың айтуынша, бұл жерден мал да, жан да құлап жатыр.
Жазатайым оқиғалардан жаны түршіккен ел, қайғылы оқиғалар болмас үшін, карьердің аумағын мықтап бекітуді талап етеді. Ауылдың бір қапталы қазылған ор. Осы маң ел үшін қауіпті. Бұқара, әсіресе, балалар өмірі үшін алаңдайды. Себебі, ойын баласы құздан құлап кетуі мүмкін. Ал биіктен құлдилап мерттіккен жағдай бір емес, бірнеше мәрте болыпты. Мәселен, мал бағып жүрген Өркен Бабашевтың інісі осы жардан құлап, жазым болған.
"Өзімнің туған інім кетті. Бір емес 4-5 рет өлік болды. Малда енді есеп жоқ. Жылда кетіп жатыр. Былайша айтқанда мынау Құмшағалдың көрі. Қайғылы жағдайлар жиілеп, мал шығыны арта берген соң, ауыл жұрты талай мәрте шулаған. Тіпті өндіріс ошағы басшысынан аумақты қоршауды талап етіпті. Бірақ оған құлақ асқан ешкім болмады. Бар болғаны мына секілді қадаларды қадап кеткен" - дейді Құмшағал ауылының тұрғыныӨркен Бабашев.
"Адам құлағанын күтіп отыр ма? Бұлар қайда қарап отыр? Неге бұларда жауапкершілік жоқ? Шағал тас шығаратын кәсіпорнының аумағы 72 гектар. Компания басшылығы соның тең жартысын ғана қолданамыз дейді. Қалғаны қараусыз жатқан жер деп ақталды. Оның үстіне адам өліп, мал шығыны болды дегені бекер дейді" - тұрғын Орынбасар Тоқбергенов.
Ал қоршауды бастап, жарым жолда аяқсыз қалдыруын қаржы тапшылығымен түсіндіреді. Бірақ жауаптылар істі тамызға жеткізбей тиянақтаймыз деп ант су ішті.
"Учаскенің бір бөлігіне қадалар қадап қойғанбыз. Қоршау жұмысын бірнеше жыл бұрын бастаған едік. Бірақ кейін қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалды. Енді тамызға дейін аяқтаймыз деген ойдамыз" - «Шағал» ЖШС өкілі Эльдар Вафин.
Бірақ тұрғындар бұл уәдеге сенбейді. Cондықтан бұқара биліктен жағдайды бақылауда ұстауды сұрап отыр.