Видеоға Алматы облысы білім басқармасы маманы Мадияр Шәріповтің Алматыдан Қонаевқа көшіріліп жатқан балалармен сөйлесіп жатқаны түсіп қалған.
ERNUR.KZ. "Э, братан". Алматы облысы әкімдігі қызметкерінің "Бағанашылда" балаларды көшіру кезінде айтқан сөзі көпшілікті ашуландырды. Алматы облысының білім басқармасы жағдайға пікір білдіріп, қызметкерге қандай шаралар қабылданғанын хабарлады, деп жазады tengrinews.kz.
Видеоға Алматы облысы білім басқармасы маманы Мадияр Шәріповтің Алматыдан Қонаевқа көшіріліп жатқан балалармен сөйлесіп жатқаны түсіп қалған.
"Э, бауырым... Біз еркекпіз ғой, келісеміз... Э, бауырым, мен сені түсінем, сен де мені түсін…" – дейді ол балалар үйінің тәрбиеленушілеріне.
Басқарма мәліметінше, Мадияр Шәріпов бұл қызметке шамамен бір ай бұрын қабылданған және сынақ мерзімінде жүрген.
"Видеодағы оның айтқан сөздері мемлекеттік қызметкер этикасының талаптарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты онымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, әрі бұдан былай мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтыны туралы ескерту берілді. Болашақта оның кәсіби қызметі мен коммуникациясы басқарма басшылығы тарапынан тұрақты бақылауда болады", – деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ басқарма өз қызметкеріне қатысты кешірім сұрады.
"Туындаған алаңдаушылық үшін кешірім сұраймыз және балаларды тәрбиелеу мен олардың құқықтарын қорғау мәселелеріне бейжай қарамағандарыңыз үшін алғыс айтамыз".