Аталған мәселе келесі жылы Үкімет отырысында қаралады.
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жергілікті полиция қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі баяндамасы, сондай-ақ, жергілікті полиция қызметінің басшылығына міндеттер жүктеп, тағайындау өкілеттігі бар әкімдердің есептері тыңдалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәселені қарастыру барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың назарын жүргізілген заңнамалық өзгерістерге аударды. Қоғам жуырда қабылданған заңнан көп нәрсе күтіп отыр, оның аясында ішкі істер департаменттері полиция департаменттері болып өзгертілді, ал жергілікті полиция қызметі олардың құрамына енді.
Премьер-Министр сонымен қатар кадрлық мәселелерді шешуге көңіл бөлді. Бұл учаскелік инспекторларға (бірқатар өңірлерде ЖПҚ бөлімшелерінің штаттық санында 10% астам бос орын бар) және жергілікті полиция қызметінің жеке құрамына (ЖПҚ), атап айтқанда, сержант қызметтерін офицерлік қызметтерге кезең-кезеңмен ауыстыруға қатысты. Сонымен қатар, «мектептік» инспекторлар тәжірибесін дамыту мәселесіне аса байыпты қарау қажет. Аталған бағытта Бақытжан Сағынтаев инспекторлары бар және жоқ мектептер бойынша жасөспірімдер қылмысы статистикасын зерделеу қажеттігін атап өтті.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әкімдерге өңірлерде орын алып жатқан мәселелерді қарай отырып, Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың арнайы отырыстарын өткізіп, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін едәуір нығайтуға ықпал ететін шаралар қабылдауды тапсырды.
Бұдан өзге, Б. Сағынтаев Ішкі істер министрлігінің ақпараттық тұрғыдан ашық болуы қажеттігіне назар аударды. Қылмыспен күрес, резонанстық тергеу жұмыстары, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша ІІМ баспасөз орталығында жауапты тұлғалардың қатысуымен жүйелі түрде брифингтер өткізу тапсырылды.
Қ. Қасымовқа ІІМ Қоғамдық кеңесінің рөлін жандандыру тапсырылды. Аталған мәселе келесі жылы Үкімет отырысында қаралады.
Еске сала кетейік, осы жылдың 12 шілдесінде органдар қызметтерін жетілдіруге бағытталған заңдардың бірі қабылданды. Заңмен ішкі істер департаменттері полиция департаменттері болып қайта құрылды, ал Жергілікті полиция қызметі бұрынғы міндеттері мен функцияларын сақтай отырып, құрылымдық бөлімше құқығымен олардың құрамына енгізілді.
Әкімдерге полиция департаменттерінің бастықтарын қызметіне тағайындау және босату (ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша) құқығы және полиция органдарының алдына полицияның жедел-іздестіру және процессуалдық қызметіне араласусыз, құқықтық тәртіп пен құқық бұзушылықтар профилактикасын қамтамасыз ету бойынша міндеттерді қою өкілеттіліктері берілген.