Барлық жас санаттарындағы азаматтар коронавирус жұқтыруы мүмкін.
ERNUR.KZ. Желіде балалардың бойында SARS-CoV-2 коронавирус штаммына қарсы туа біткен иммунитет бар деген фейк ақпарат тарап жатыр. StopFake сайтының хабарлауынша, мамандар бұл теорияны жоққа шығарған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Telegraph колумнисті Элисон Пирсон Twitter-дегі парақшасында «балалар коронавирус жұқтырмайды» деп жазған.
Шын мәнінде, балалардың коронавируспен ауырғаны расталған жағдайлар мен құжаттар жеткілікті. КВИ-мен ауырған науқастардың ең кішісі – инфекция жұқтырған кезде туғанына бір күн ғана болған.
Өкінішке орай, Қазақстанда да коронавирус жұқтырған балалар аз емес. Алайда, бірқатар зерттеулерге сәйкес, балалардың иммунитеті ересек немесе қарт адамның ағзасына қарағанда індетті оңай жеңеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары балаларды инфекциядан қорғалғандығы туралы мифке сенудің қажеті жоқ деп ескертеді.
«Барлық жас санаттарындағы азаматтар коронавирус жұқтыруы мүмкін. Егде жастағы адамдарда және белгілі бір аурулары бар адамдарда (мысалы, демікпе, қант диабеті, жүрек ауруы) коронавирустық инфекцияның ауыр түрі болуы мүмкін», – делінген ұйымның ресми сайтында.
Сарапшылар адамның жасына қарамастан барлық сақтық шараларын сақтауға кеңес береді: бетперде тағу, қолды жиі жуу, санитайзерлерді қолдану және адамдар көп жиналатын жерлерге бармау.