"Баламды қайтарыңдар!": Қызылордалық әйел ұлын көшеден ұстап алып, күштеп әскерге алып кеткендерге ашулы

0
593

Қазақстандық ата-аналар балаларымызды көшеде жүрген жерінен күштеп әскерге әкетіп жатыр деп шағымданып отыр.


ERNUR.KZ. Кәмелеттік жастан асқан азаматтарды полицейлер мен әскери комиссариаттағылар қоғамдық орындарда қолдарынан жетектеп әскерге әкетіп жатқан жағдайлардың видеосы әлеуметтік желілерде таралған, деп жазады Stan.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың наурыз-шілдесі мен қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскерге шақыру туралы жарлыққа қол қойғалы сапқа тұрғысы келмейтіндерді полицейлерлер мен қорғаныс саласының қызметкерлері аңдып жүріп ұстайтын болған.

Ал жалғыз өзі үш бала тәрбиелеп отырған Венера Сауытбаеваның 19 жастағы ұлын осыдан бір ай бұрын Қызылорда облысының қорғаныс істер жөніндегі департаменті әскер қатарына алып кеткен. Буындары ауырып, өзі әзер жүретін Венера үлкен ұлы үйдегі балаларға қарап, қолғабыс етіп жүруші еді дейді. Сөзінше Қызылордадағы қорғаныс істер жөніндегі департамент "әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңды өрескел бұзыр отыр. Тіпті ұлының медициналық тексерістен қалай өткеніне таңы бар.

“Бұрын-соңды өзі үйде жүргенде балам бүйрегіне, басына шағым айтатын. Кейде сол басы ауырғаннан үйде дем алмай жатып қалатұғын шыға алмай ешқайда. Енді мен бұл жерде Қызылорда қаласының әскери бөліміне заңсыз жібергені, менің отбасы жағдайыма қарамағаны, менің үйімде қамқоршы балам, үлкенім сол болғаннан кейін сол заңға қарсы нәрсе жасаған. Өйткені заңда қаралған”, – дейді Венера Сауытбаева.

Әскерге кеткен сарбазға кесірі тимесін деп аты-жөнін атаған жоқпыз. Оның үстіне ол Ақтау қаласындағы 25/744 теңіз әскери флотында борышын өтеп жатыр. Ал мұнда жақында ғана Ринат Жеткергеновтің сау болып барып үйіне ауыр халде оралғаны үлкен дауға ұласқан еді.

Ананың алаңдауын бұл оқиға да үдете түсті. Ал қорғаныс министрлігіндегілер өз тараптарынан ешқандай заңбұзушылық болмағанын айтады.

“Денсаулығына шағымы болмаған. Әскерге шақыру комиссиясының отырысында ол әскери қызметтен бас тартқан жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Ерденнің әскерге шақыруды кейінгі қалдыру және бас тартуға негізі болған жоқ. Әйтсе де "әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі" туралы заңда азаматтар отбасы жағдайлары бойынша, білім алуды жалғастыру, денсаулық жағдайы мен басқа да себептерге байланысты шақыруды кейінгі қалдыра алады”, – Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Айдын Сағынбеков.

Бұдан бөлек осы заңның 35-бабында "әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедек жандары немесе он сегiзге толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды анасы жалғыз өзі тәрбиелеп отырғандардың шақыртуын да кейінгі қалдыруға болады делінген. Өз ұлын әскерге заңсыз алып кетті деген Венера енді әскери сотқа шағымданбақ.