Балқашқа көлікпен “түскен“ жүргізуші қамауға алынды

0
157

Сот ер адамға 10 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын кесті.


Балқашқа көлікпен “түскен“ жүргізуші қамауға алынды

Tengrinews.kz коллажы

ERNUR.KZ. Балқаш жағасында демалушылардың жанында көлік тізгіндеген Mercedes жүргізушісі қамауға алынды. Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видео қазақстандықтардың ашуын келтірген болатын, деп жазады tengrinews.kz.

Алматы облысында Балқаш көлі жағасында және тура су ішінде демалушылардың жанында көлік айдаған Mercedes жүргізушісі қамауға алынды. Сол сәтте жағажайда ересектермен бірге балалар да болған.

Күні кеше әлеуметтік желіде тараған бұл видео қолданушылардың ашуын келтірді.


Құқық бұзушының жеке басы анықталды - ол Тараздың 40 жастағы тұрғыны болып шықты.

Сот ер адамға 10 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын кесті. Оның автокөлігі айыптұраққа қойылды.


Полиция мұндай құқық бұзушылықтар, әсіресе халық көп жиналатын демалыс орындарындағы азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты болса, жазасыз қалмайтынын атап өтті.

"Тағы да ескертеміз: көпшілік демалатын орындар қауіпті ойын-сауық алаңы емес. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген әрекеттің жолы қатаң кесіледі, ал кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады", - деп хабарлады Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін маусымда Астананың 23 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде суда тұрған автокөлік суретін жариялағаны хабарланған болатын. Суретке "Балқаш" деген жазба қалдырылған.

Сол кезде бұл кадрлар қолданушылардың ашуын келтіріп, олар жүргізушіні тауып, құқықбұзушылығы үшін жазалауды талап еткен еді.

Жарияланым авторы сурет нейрожелі арқылы жасалғанын, Балқашқа бармағанына көп болғанын мәлімдеді. Бұл жағдайға полиция да назар аударып, жас жігітпен профилактикалық әңгіме жүргізді.