Әйелін бауыздап өлтіріп, мәйітін ауладағы дәретханаға тастай салған: Қостанай тұрғыны небәрі 11,5 жылға сотталды

0
153

​Жәбірленуші тарап кісі өлтірушіге шығарылған үкімді тым жеңіл деп санайды.


Әйелін бауыздап өлтіріп, мәйітін ауладағы дәретханаға тастай салған: Қостанай тұрғыны небәрі 11,5 жылға сотталды

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта Қарасу ауданының Жалғысқан ауылының тұрғыны Батухан Тайыштықовқа қатысты айыптау үкімі шықты. Ол әйелі Татьянаны әдейі өлтiргенi үшін айыпты деп танылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

1 ақпан күні жас келіншек Тайыштықовқа оның ішімдік ішуі мен қорлығына шыдамайтынын, кететінін айтқан кезде, ол әйеліне артынан шабуыл жасап, тұншықтыра бастаған. Содан кейін Татьянаны көшеге сүйреп шығып, мойынына пышақ сұққан. Мәйітті сырттағы әжетханаға жасырып, үстін қар және сабанмен жауып тастаған. Кейін ол жерге қоқыс тастап, әжетхананы өз мақсатында пайдаланып келген.

Тайыштықов екі ай бойы Татьянаның жақындарына оның қайда екенін білмейтінін айтып, өтірік соққан. Ол әйелі қалаға кетіп, жұмысқа орналасты деп сендірген. Осының бәрі ойдан шығарылған сөз болса да, ол екі рет Қостанайдағы әйелі жұмыс істеуі тиіс болған офиске барып қайтқан. Тіпті іздеуді жалғастыру үшін қаза тапқан келіншектің бауырынан 300 мың теңге алған. Шындықтың беті Татьянаның әкесі полицияға қызының жоғалғаны туралы арыз жазғанда ғана ашылды. Тайыштықов ақыры мәйітті қайда жасырғанын көрсетті.

Сотта Батухан Тайыштықов өз кінәсін мойындады, бұл үкім шығару кезінде жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Жазаны ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Судья Жанар Тілеубаева заңда қарастырылған әдейі кісі өлтіру үшін ең жоғары жазаны, яғни 15 жылға бас бостандығынан айыруды тағайындай алмағанын осылай түсіндірді.

Сотталушының бұрын сотталмағанын ескере отырып, ол жазасын максималды емес, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.

Сонымен қатар сот жәбірленуші Юрий Редундардың азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырып, сотталған Батухан Тайыштықовты 10 млн теңге моральдық зиян және 167 мың теңге материалдық шығын төлеуге міндеттеді. Азаматтық талап-арыздың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында сот Тайыштықовтың үйін де кепілде қалдырды.

Жәбірленуші тарап үкімнің тым жеңіл екенін айтып, шешімге көңілі толмайтынын білдірді. Үкімді апелляцияға беру мүмкіндігі бар. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.