Онлайн банкинг арқылы 13 980 579 теңгені бірнеше ай бойы біртіндеп алып отырған.
ERNUR.KZ. Алматыда банк менеджері клиенттің депозиттік шотынан 14 млн теңге алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Іс материалдарына сәйкес, былтыр әйел адам банк филиалына шот ашуға өтініш берген.
Банк менеджері клиентпен 6 ай мерзімге депозит ашуға келісімшарт жасасқан. Шотқа салымшы 13,9 млн теңге салған.
Клиент банк менеджеріне Ресейге кететіні туралы айтқан. Ресейде жүргенде де әйел депозитінен ақша алмаған, қаржысы туралы білмеген, өз атына төлем картасын ашу туралы өтініш те білдірмеген.
Осы сәтті пайдаланып банк менеджері азаматшаның атына төлем картасын ашып, клиенттің бірегей нөмірін тіркеп алған.
«СМС-Банкинг» қызметін өз телефонына тіркеп алған. Онлайн банкинг арқылы 13 980 579 теңгені бірнеше ай бойы біртіндеп алып отырған.
Сот банк қызметкерін ұрлық жасағаны үшін айыпты деп тауып, 5 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Айта кету керек, салымшының ұрланған ақшасын банктің өзі қайтарып берді.
Сот экс-менеджерді 11 млн теңге көлеміндегі қаржыны банкке 2 айда қайтарып беруге мәжбүрледі.