Қазір банктерге ипотеканы 25%-дық мөлшерлемемен беруіне ешқандай шектеу жоқ.
Фото: Stan.kz
ERNUR.KZ. Қазақстанда ипотекалық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі биыл төмендетілмейтін болды. Бұған дейін шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 25%-дан 20%-ға дейін азайту қараша айына жоспарланған еді. Алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл өзгерісті 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін шегеріп отыр, деп жазады stan.kz.
Қазір банктерге ипотеканы 25%-дық мөлшерлемемен беруіне ешқандай шектеу жоқ. Мемлекет соңғы жылдары тұрғын үй несиесін арзандатып, халыққа қолжетімді етуді көздеп келеді. Бірақ экономикалық жағдай мен инфляция деңгейі жоспарды жүзеге асыруға кедергі болған сияқты дейді сарапшылар.
Ал Ұлттық банктің ресми өкілі Асан Ахметжан инфлиция бұған дейін төмен болғанын атап өтті.
"Бұған дейін инфляция 10-11% шамасында, ал базалық мөлшерлеме 16,5% деңгейінде болды. Сол кезде 20%-дық шекті мөлшерлеме орынды саналатын. Ал қазір инфляцияның жоғары болуы және ақша құнының өсуі бұл параметрді қайта қарауды талап етеді", – деді Асан Ахметжан.
Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу агенттігі енді мөлшерлемені есептеудің жаңа тәсілін енгізуді қарастырып жатыр. Бұл әдіске сәйкес ипотеканың %-дық мөлшерлемесі нарықтағы жағдай мен тұрғын үй бағасына байланысты есептелмек.
Мысалы, егер пайыз 25-тен 20%-ға дейін төмендесе, 10 миллион теңгелік ипотека үшін ай сайынғы төлем 153 мың теңгеден 126 мың теңгеге дейін азаяр еді. Яғни, 27 мың теңгеге үнем. Дегенмен жылжымайтын мүлік сарапшысы Жеңіс Шәріпұлы қазіргі жағдайда банктер мұндай жеңілдік жасауға мүдделі емес дейді.
"Қазір негізгі мәселе базалық мөлшерлеме. Ол 1,5%-ға көтерілді. Бұл несие құнымен тікелей байланысты. Сондықтан банктер де өз пайыздарын 1,5-2%-ға арттыруға мәжбүр", – дейді сарапшы.
Айта кетейік, базалық мөлшерлеме 18%-ға көтерілгелі бері көптеген коммерциялық банктер ипотека беруді уақытша тоқтатқан. Сарапшылардың пікірінше, егер ипотекалық мөлшерлемеге қатаң шектеу қойылса, нарықтағы коммерциялық ипотека мүлде жоғалып кетуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін вице-министр пәтерін жалға беріп, бірақ салық төлемейтіндерді қалай анықтайтынын айтты. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қазақстандықтарды пәтерін жалға беріп, салық төлемеуден “көлеңкеден шығару” шаралары туралы айтты. Министрлік жеңілдетілген салық режимдерін енгізіп, камералдық бақылау арқылы деректерді салыстырады. Арнайы салық режимі арқылы жылына бір рет декларация тапсыруға мүмкіндік қарастырылған. Бұл шаралар тек салық жинаумен емес, заңсыз тіркеусіз тұрғындарды анықтауға да бағытталған.


