БҚО-да сырқаттанғандар саны 122-ге жетті, соның ішінде 12-сі – медицина қызметкерлері.
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында 359 адам карантиндік стационарда жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, қазіргі таңда 113 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде.
Сондай-ақ 20 адам провизорлық стационарда жатса, 1478 адам үйден бақылануда.
Бүгінгі мәлімет бойынша, облыста 6 науқас тіркелсе, соның екеуі – Ресей Федерациясында вахталық әдіспен жұмыс істейтін Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 23 және 24 жастағы тұрғындары. Олар «Сырым» бекетінен өткеннен кейін карантиндік стационарға жатқызылып, зерханалық сынама алынғаннан кейін анықталған.
Сонымен қатар 2 кіші медицина қызметкері коронавирус жұқтырса, тағы екеуі – стационар қызметкерлері. Олар бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған.
Осылайша БҚО-да сырқаттанғандар саны 122-ге жетсе, соның жетеуі жазылып шықты. Ауырғандардың ішінде 12-сі – медицина қызметкерлері.