Баум тоғайында ағаш басып қалған қыз алты күннен бері комада жатыр

0
124

Оқиға 27 маусым күні күндіз бойжеткеннің анасы мен екі сіңлісінің көз алдында болған.


Баум тоғайында ағаш басып қалған қыз алты күннен бері комада жатыр

фото: әлеуметтік желі

ERNUR.KZ. Алматыда 19 жастағы бойжеткен Баум тоғайында серуендеп жүрген кезде үстіне ағаш құлап, ауыр жарақат алған. Ол алты тәуліктен бері комада жатыр, деп жазады ulysmedia.kz..

Оқиға 27 маусым күні күндіз бойжеткеннің анасы мен екі сіңлісінің көз алдында болған. Туыстарының айтуынша, сол сәтте екпіні күшті жел де соқпаған, жаңбыр да жаумаған.

Жақындарының мәліметінше, Селина аса ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оған бас сүйегінің жаншылып сынуы, сан сүйегінің сынуы, аяқтың ашық сынуы және денесінің көп жерінен ауыр жарақат диагнозын қойған.

– Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Мамандар қолдан келгеннің бәрін жасады. Алайда ауыр бас-ми жарақатына байланысты ми ісінуінің қаупі әлі де жоғары, – деп жазды бойжеткеннің әпкесі Instagram-дағы парақшасында.

Оқиғадан кейін қыздың жақындары Баум тоғайына шұғыл тексеріс жүргізіп, апатты жағдайдағы барлық ағашты кесуді талап етті. Олардың айтуына қарағанда, мұндай қайғылы жағдайдың қайталануына жол бермеу қажет.

Алматы әкімдігі бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

– Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Баум тоғайының аумағында келушілерге ағаштардың құлау қаупі бар екенін ескертетін арнайы ақпараттық тақтайшалар орнатылған, – деп мәлімдеді қала әкімдігі.

ТОҒАЙДА СЕРУЕНДЕУ ҚАУІПТІ МЕ?

Қала билігінің мәліметінше, 1877 жылы негізі қаланған Баум тоғайы ауқымды санитарлық тазартуды қажет етеді. Әкімдіктің дерегіне қарағанда, мұндағы ағаштардың 70 пайыздан астамы биологиялық тұрғыдан қатты қартайған. Сондықтан олар екпіні күшті жел болмаса да, құлап кетуі мүмкін.

– Табиғи биологиялық қартаюға байланысты сырт көзге сау көрінетін әрі апатты белгілері байқалмайтын кейбір ағаштардың да құлау қаупі бар. Осыған байланысты Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы жасыл желектерді тұрақты түрде тексеріп отырады, – деп түсіндірді әкімдік.

Қала әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылы 2 мың қураған, ауруға шалдыққан және апатты жағдайдағы ағашты санитарлық мақсатта кесуге рұқсат берілген.

Қазіргі таңда мердігер ұйымдар олардың шамамен мыңын алып тастаған. Ең әуелі желден құлаған ағаштар мен балалар және спорт алаңдарының маңындағы қауіпті ағаштар кесілген.

Әкімдік қалған апатты ағаштарды кесу жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтауға уәде берді.