Баянауылдағы өрт: Желтау ауылының тұрғындары үйлеріне толықтай оралды

0
352

Қарағанды облысының аумағындағы өрт оқшауланды, өртенген аумақтың көлемі анықталуда.


Баянауылдағы өрт: Желтау ауылының тұрғындары үйлеріне толықтай оралды

Фото: Наталья Зинченко

ERNUR.KZ. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері Павлодар облысының аумағындағы дала өртін сөндірді. Жағдайдың тұрақталуына байланысты Баянауыл ауданы Желтау ауылынан эвакуацияланған 18 тұрғын үйлеріне оралды, деп жазады inform.kz.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Қарағанды облысының аумағындағы өрт оқшауланды, өртенген аумақтың көлемі анықталуда.

«Қатты екпінді жел, рельефті таулы, батпақты жерлер және өрт ошақтарына кіретін жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатты. Қазіргі уақытта Қарағанды облысының аумағындағы өрт ошақтарын жою жұмыстары жерүсті және әуе көлігімен жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысының Айыр және Атантай елді мекендері ауданында 2 учаске анықталды. Министрліктің командалық орталығы мен облыстардың ТЖД жедел штабтары тәулік бойы жұмыс істеп тұр»,-деп мәлімдеді министрліктен.
Қазіргі уақытта өрт сөндіру жұмыстарына 557 адам мен 88 техника, 6 ұшқышсыз ұшатын аппарат, ҚР ТЖМ және ІІМ ҰҰ 4 әуе кемесі жұмылдырылған.

Өртті сөндіруге Қарағанды, Ақмола, Абай облыстарының, Астана қаласының құтқару топтары, ТЖМ 52859, 68303 әскери бөлімдерінің және жергілікті атқарушы органдар қатысуда.

Әуе кемелері өрт ошақтарына барлығы 87 рет, жалпы көлемі 102 тоннадан астам су төкті. Сонымен қатар аэровизуалды барлау жүргізілді. Ұшу нәтижелері бойынша жағдай тұрақты.

Еске сала кетейік, 6 қазан күні Баянауылда далалық алқап өртеніп, бір ауылдың тұрғындары қауіпсіз аумаққа көшірілді.