Елбасы қойған міндетті орындау мақсатында барлық министрліктер мен өңірлер бойынша экономика салаларында ай сайын өсім болуы тиіс.
Бүгін Үкіметтің еліміздің 2018 жылдың 1 тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына арналған отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев министрлер мен әкімдерге сеніп тапсырылған салаларда пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«Жыл басынан бері экономикалық өсімнің оң қарқыны байқалып отыр. Оны өздеріңіз көріп отырсыздар. Алайда, 4 айдың қорытындысы бойынша сәуірде өсім 3,8 пайызға дейін баяулағанын көрдік. Деректерге қарасақ, министрліктер мен өңірлер кейбір көрсеткіштер бойынша өткен айлардың деңгейін сақтамайтындығы байқалды», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, ол әсіресе құрылыс саласында анық көрініп отыр. «Бұл дегеніміз жұмыс тиімділігі төмендеді деген сөз. Сол себептен өздеріңізге сеніп тапсырылған салаларда пәрменді және нақты шаралар қабылдауларыңыз қажет екендігін айтқым келеді. Елбасы қойған міндетті орындау мақсатында барлық министрліктер мен өңірлер бойынша экономика салаларында ай сайын өсім болуы тиіс. Сондықтан барлықтарыңыз алға қойған міндеттерді шешу бойынша жүйелі шара қабылдауларыңыз қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев министрлер мен әкімдерге қарата.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, отырыс барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсімі 3,8 пайызды құрағанын айтқан еді.