Бекшин бірнеше рет тағуға болатын маскаға айыппұл салу жайлы сұраққа жауап берді

0
790

Бір реттік маска гигиеналық жағынан тиімді, себебі оны 2-3 сағат сайын ауыстырып отырады, деп түсіндірді Алматының бас санитар дәрігері.


Бекшин бірнеше рет тағуға болатын маскаға айыппұл салу жайлы сұраққа жауап берді

ERNUR.KZ. Алматы қаласының бас санитар дәрігері бір реттік және бірнеше рет қолдануға болатын медициналық бетпердені тағуға байланысты нақты талаптың жоқ екенін айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.


"Медициналық бетпердеге келер болсақ, бір реттік немесе бірнеше рет пайдалануға болатын масканы тағуды әр азамат өзі шешеді. Біз оған нұсқау бере алмаймыз. Ең бастысы – оны уақытында ауыстырып тұру, бетпердені дұрыс тағу. Бетпердеге қарап бір реттік немесе бірнеше рет қолданылатынын ажырата алмаймыз, ол үшін сараптама қажет болады", - деді Бекшин.

Бірнеше рет қолданатын масканың зауытта жасалғаны бар, кей жағдайда қолдан тігіледі. Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша, бір реттік маска гигиеналық жағынан тиімді, себебі оны 2-3 сағат сайын ауыстырып отырады.

"Бізде бір реттік немесе бірнеше рет тағуға болатын масканы пайдалану туралы талап жоқ. Алайда бір реттік гигиеналық жағынан жақсырақ, сол себепті дәрігерлер бір реттік бетперде тағуды ұсынады. Егер оны 2-3 сағат ауыстырып отыратын болса, ол адамды коронавирус инфекциясынан қорғайды", - деді ол.

Сонымен қатар Жандарбек Бекшин қалада коронавирус инфекциясына қатысты жағдайдың тұрақталғанын айтты.

"Ауруды жұқтыру көрсеткіші екі есе төмендеді. Індеттің күнделікті өсімі шілдемен салыстырғанда 35 есе төмендеді. Соған сәйкес, қала ауруханаларындағы төсек-орындардың 85%-і босады", - деп түйіндеді қаланың бас санитар дәрігері.