Білім мекемелерінде кешенді қауіпсіздік жүйесінің бар-жоғы тексеріледі

0
495

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2023 жылдың 20 ақпанынан 20 наурызына дейін еліміздің барлық оқу орнының кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуді тапсырды.


Білім мекемелерінде кешенді қауіпсіздік жүйесінің бар-жоғы тексеріледі

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімдерінің орынбасарлары, білім басқармалары мен білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшылары қатысқан бірлескен шұғыл кеңесте еліміздің барлық білім беру мекемесінің қауіпсіздік кешенді жүйесімен қамтамасыз етілуін тексеруді тапсырды, деп жазады sputnik.kz.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Петропавл қаласындағы мектепте алдын ала тексеру нәтижелері және оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарлары туралы айтты.
"Комитет әдістемелік және психологиялық көмек бойынша жұмысты жалғастырады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап білім беру объектілеріндегі қауіпсіздік жағдайына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Келесі аптадан бастап бір ай бойы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің, ата-аналар қауымдастығының, сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен оқу орындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру мәселесі бойынша тексеру жүргіземіз", - деп атап өтті комитет төрағасы.
Оның айтуынша, министрлік балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау, оның ішінде қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру жөніндегі кешенді жоспардың жобасын әзірлеуде.
"Оған 20-ға жуық мемлекеттік органдар мен өңірлер жұмылдырылған. Жуық арада өткізу режимінің регламентіне өзгерістер енгізіледі", - деп атап өтті Насымжан Оспанова.
Кеңес соңында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2023 жылдың 20 ақпанынан 20 наурызына дейін еліміздің барлық оқу орнының кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуді тапсырды.
Осы мәселе аясында өзара әрекеттесудің тиімді тетіктерін әзірлеу жүктелді. Бұл ретте орта білім комитеті білім алушылар үшін арнайы қауіпсіздік сабақтарының циклін әзірлеуі қажет. Білім басқармалары оны білім беру ұйымдарында полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп өткізуге тиіс.