Әлеуметтік желідегі жазбадан кейін денсаулық сақтау органдары арнайы комиссия құрды. Іске бірнеше бейінді маман мен ғылыми орталық өкілдері тартылған.
Астана қаласында бір жасар баладан туберкулез анықталуына байланысты арнайы комиссия құрылып, қызметтік тексеру басталды, деп жазады baq.kz.
Бұған дейін Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы бір жасар жиенінен туберкулез анықталғанын айтып, бұл жағдайға қоғам назарын аударуды сұраған болатын.
Денсаулық сақтау министрлігі, қалайша №1 қалалық ауруханада ашық түрдегі туберкулезбен ауырған медбике жұмыс істеген? Енді менің бір жасар жиенімнен туберкулез анықталды. Компьютерлік томография (КТ) оның туберкулез екенін растады, – деп жазды жазба авторы.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аталған дерек бойынша арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жұмыстары басталған.
Баланың туберкулезге шалдығуына байланысты қызметтік тексеру жүргізу үшін комиссия құрылды. Оның құрамына Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандары – педиатр, фтизиатр, пульмонолог, сондай-ақ сәулелік және функционалдық диагностика саласының маманы енгізілді, – деп хабарлады ведомство BAQ.KZ редакциясының тілшісіне.
Сонымен қатар комиссия жұмысына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының және Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары да тартылатын болады.
Басқарма өкілдері қазіргі уақытта тиісті жұмыстардың басталғанын мәлімдеді. Алайда әзірге тексерудің алдын ала қорытындылары мен басқа да мән-жайлары жарияланған жоқ.
Еске салайық, 21 шілдеде Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласында үшем шетінеп кеткенін хабарлаған едік. Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді. Аталған оқиғадан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі перинаталдық орталықтарда тексеріс жүргізеді. Тексеру жұмыстары 15 тамызға дейін жүргізіледі.


