Бірқатар мемлекеттің елшілері Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсырды

0
94

Президент елшілерге ілтипат білдіріп, еліміздің сыртқы саясатта бейбіт бағыт ұстанатынын жеткізді.


Бірқатар мемлекеттің елшілері Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсырды

ERNUR.KZ. Астанада Тәуелсіздік сарайында сегіз елдің төтенше және өкілетті елшісінің Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.

Сенім грамоталарын Мысыр Араб Республикасының елшісі Самех Шехата, Швейцария Конфедерациясының елшісі Кристина Хонеггер-Золотухин, Эстония Республикасының елшісі Марье Лууп, Оман Сұлтандығының елшісі Салах Джабуб, Мажарстан елшісі Ференц Цомбош, Гвинея-Бисау Республикасының елшісі Браима Эмбало, Нигерия Федеративтік Республикасының елшісі Джозеф Олусола Иджи мен Дания Корольдігінің елшісі Ларс Туесен табыстады.

Президент елшілерге ілтипат білдіріп, еліміздің сыртқы саясатта бейбіт бағыт ұстанатынын жеткізді.

– Бүгін – шын мәнінде елдеріңіздің өкілі ретінде Сіздер үшін де, Қазақстан Республикасы үшін де өте маңызды күн. Осы орайда барлығымыз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет екеніне сенімдімін. Өйткені Қазақстан бейбітсүйгіш ел саналады. Біз теңгерімді және сындарлы сыртқы саясат ұстанамыз. Ел ішінде реформа жүргізуге қолайлы жағдай жасауға ұмтыламыз. Сыртқы істер министрлігінің, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Президент резиденциясының Сіздер үшін әрдайым есігі ашық. Өйткені қазіргі тұрақсыз әрі құбылмалы әлемде бірге болуға тиіспіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.