Биыл «ҚазМұнайГаз» IPO-ға шығарылады

0
437

«ҚазМұнайГаз» акцияларының листингін 2022 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған.


Биыл «ҚазМұнайГаз» IPO-ға шығарылады

ERNUR.KZ. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «ҚазМұнайГаз» компаниясы IPO-ға шығарылғаннан кейін оның акциялары дивидендтерінің ең төменгі кепілді мөлшерін үш жылға белгілеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жаңаділ айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«ҚазМұнайГаз» акцияларының листингін 2022 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған. Акцияларды сатып алуға AIX және KASE биржаларының брокер-сауда мүшелері арқылы, сондай-ақ Tabys мобильдік қосымшасы немесе Қазпошта бөлімшелерінде тікелей жазылу арқылы өтінім беруге болады.

«Азаматтар брокерде шот ашпай-ақ эмитент акцияларына тікелей жазыла алады. Бұл IPO өткізу саласындағы жалпыға бірдей танылған әлемдік тәжірибе. Мысалы, 2013 жылы Корольдік поштаның «Халықтық IPO-сы» сәтті кейстің бірі саналады. Біз бұл тәжірибені көптеген қазақстандық еліміздің кез келген жерінен ұлттық компанияның акцияларын жылдам сатып алу мүмкіндігіне ие болуы үшін қолдандық», - деді AIX басқарма төрағасы Ренат Бектұров Халықаралық инвесторлар апталығы аясындағы қаржылық сауаттылық форумында.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары - қаржы директоры Дәурен Қарабаевтың дерегінше, компанияның активтері 32 млрд долларды, меншікті капиталы 19 млрд долларды құрайды. Дивидендтер төлеу мүмкіндігі мұнай бағасына байланысты болады.

Ол «ҚазМұнайГаз» стратегиялық маңызды компания болып саналатынын, сондықтан акциялардың бақылаушы үлесі мемлекетте болатынын атап өтті.