Биыл республика бойынша 1,2 млн га егіс алқабын суаруға 11 млрд текше метр су жұмсалды

0
99

Елімізде су объектілерінің экологиялық орнықты жай-күйін қамтамасыз ету және су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында су тасқыны кезеңінде су ресурстарын реттеу жұмыстары жүріп жатыр.


Биыл республика бойынша 1,2 млн га егіс алқабын суаруға 11 млрд текше метр су жұмсалды

ERNUR.KZ. 2025 жылы судың жалпы ағыны 14-20 млрд текше метр деген болжам жасалды. Осыған орай тасқын суды қабылдау және қауіпсіз босату мақсатында алдын ала су қоймаларында қажетті бос көлемдер Комитет пен инспекциялар тарапынан қамтамасыз етілді. Су тасу кезеңінде нақты 16,7 млрд текше метр су келді. Су қоймаларында вегетацияға, экологиялық шараларға қажетті су көлемдері қамтылды. Бұл туралы ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, су тасқыны кезеңінде ағын суларды модельдеу және су басу қаупін бағалау мақсатында орталық, солтүстік және батыс өңірдегі өзендердің басым учаскелерінде өзендердің жайылма бөлігіне батиметриялық түсірілім жүргізілді.

«Әкімдіктермен бірлесіп, елді мекендерге жақын өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерін санациялау жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. 10 облыста 51 өзен учаскесі және бір көлде санация қажеттілігі белгіленді. Онда бірінші кезекте жалпы ұзындығы 814 шақырымнан асатын өзендерді санациялау қарастырылған. Жол картасында 2025 жылы 12 нысан анықталған, оның ішінде 2025 жылдың 9 айында өзен арналарын санациялау жұмыстары бойынша 27 шақырым орындалды (7 нысан). Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін қосымша 82,3 шақырым (5 нысан) көлеміндегі жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Орындалған және жоспарланған іс-шараларды ескере отырып, 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дейін 110 шақырым өзен арнасын санациялау жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда», – деді спикер.

Екінші маңызды бағыт – вегетациялық кезеңді өткізу. Экономика салаларының ішіндегі ең ірі су тұтынушы ауыл шаруашылығы болып табылады. Ауыл шаруашылығының суды тұтыну үлесі жалпы су пайдаланудың 60%-ын құрайды, оның 77% (11 текше шақырым) тұрақты суару қажеттіліктеріне пайдаланылды. Негізгі су тұтыну көлемі 5 оңтүстік өңірге тиесілі: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың вегетациялық кезеңі күрделі климаттық жағдайда өтті. Суару маусымы көктемде әдеттен тыс жоғары температураға байланысты орташа жылдық кезеңнен 20 күн бұрын басталды. Жалпы республикадағы вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша 1,2 млн га егіс алқабы суарылды, су алу 11 млрд текше метр құрады.

Алматы және Жетісу облыстары бойынша іс жүзінде 268 мың га астам алқабы суарылды. Жамбыл облысында 78 мың га жер суарылып, 1 млрд текше метрге жуық су алынды. Қызылорда облысында 186 га астам егіс жиналды. Вегетациялық кезеңде іс жүзінде 3,5 млрд текше метр су алынды. Түркістан облысы бойынша суару алаңы 458 мың га болған кезде алынған судың көлемі 3,5 млрд текше метрді құрады. Қазіргі уақытта оңтүстік өңірдің су қоймалары жинақтау режимінде жұмыс істейді.

Сонымен қатар су тасқыны кезеңіне дайындық аясында бассейндік инспекциялар ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп 1 395 тірек ГТҚ қарап, зерделеу жүргізді. Зерттеу қорытындысы бойынша 581 ГТҚ жөндеуді талап ететіні анықталды. Инспекциялар реконструкциялауды, жөндеуді және әзірлеуді қоса алғанда, тасқын суларды қауіпсіз өткізу үшін іс-шараларды жүргізу бойынша ұсынымдар берді. Осы ұсынымдарға сәйкес қазіргі уақытта 69 ГТҚ-да меншік иелері қайта құру, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде.