Оқу-ағарту министрлігі балалардың тегін және сапалы тамақтану құқығын сақтау, олардың мүдделерін қорғау мақсатында білім ұйымдарындағы тамақтануды ұйымдастыруға ерекше назар аударады.
ERNUR.KZ. Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету - мемлекет пен жауапты құрылымдардың маңызды міндеті. 2025-2026 оқу жылында ЖАО мемлекеттік мектептердегі 1,7 млн оқушыға, оның ішіндегі 1,4 млн-нан астам бастауыш сынып оқушыларына және әлеуметтік санаттағы 285 мың 5-11 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ ұйымдастырды. Бұл жайында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Ақмарал Мақұлбекова ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында мәлімдеді.
Оқушыларға бір реттік тамақтандыруды ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 2025 жылы 192,1 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылды.
«Астана қаласында бір балаға бір реттік тамақтың ең жоғары құны 1 090 теңге болса, Алматыда – 963 теңге, Ақмола облысында – 882 теңге, ең төменгі тамақтану құны Жамбыл, Алматы облыстарында 550 теңге, сонымен бірге Абай өңірінде тіркелді. Мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі қызметкер Оқу-ағарту министрлігінің белгіленген талаптарына сәйкес жұмыс атқарады. Қағидада мектептегі тамақтандыру қызметін ұйымдастыруға арналған әкімшілік және құқық негіздері белгіленеді», – деді спикер.
Сонымен қатар тамақтану қызметін көрсету тәртібі, жеткізушілерді таңдау және конкурсты өткізу механизмдері нақты анықталған. Әр мектепте тамақтану сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия жұмыс істейді.
Тамақ өнімдеріне, дайындалған тағамның сапасына, азық-түліктің жарамдылығына, дайын тағамдарды сақтау, жеткізу мерзімдері мен шарттардың сақталуына, балалардың нақты тамақтану рационының күнделікті перспективалық ас мәзіріне сәйкестігіне, асхананың санитарлық жағдайына мониторинг жүргізу комиссияның міндеттері болып табылады.
Комиссия жұмысының қорытындылары ай сайын білім беру ұйымының педагогикалық кеңестерінде қаралып, білім беру ұйымдарының интернет ресурстарында жарияланады. Сондай-ақ биыл қабалданған тамақтану стандартында медицина қызметкерлерінің функциясы нақтыланған.