Бұдан былай жеке күзет ұйымдарына екі түрлі лицензия берілуі мүмкін

0
683

Вице-министр себебін түсіндірді.


Бұдан былай жеке күзет ұйымдарына екі түрлі лицензия берілуі мүмкін

ERNUR.KZ. Төменгі палата депутаты Жәмилә Нұрмамбетова Мәжіліс отырысындағы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында күзет ұйымдарына берілетін лицензия мәселесін көтерді, деп жазады sputniknews.kz.

«Бұрындары барлық күзет ұйымдарына бірыңғай бір ғана лицензия берілетін. Ал, қазір күзет компаниялары қорғайтын объектілеріне байланысты арнайы лицензия алады. Жалпы мұндай лицензияны бірнеше түрге бөлу қаншалықты маңызды?», - деді депутат Ішкі істер министрлігіне жолдаған сауалында.

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев жауабында бұл шетелдік тәжірибеге негіздеген шешім екендігін хабарлады. Сондай-ақ министрлік «қылмыспен күреске қатысы жоқ» кейбір міндеттерін ақырындап жеке күзет ұйымдарына тапсырып жатқанын хабарлады.

«Қорғауымызға алынған кейбір нысандарға террорлық қауіп төнуі мүмкін. Оларға қару жарақпен қамтамасыз етілген күзетшілер қажет. Азық-түлік дүкені мен қару жарақ сақталған қойманы қарауылдау - екі түрлі ұғым. Сондықтан заң аясында бір лицензияны екі түрге бөлу қарастырылды. Жоғары қауіпсіздікті талап ететін объектерді қорғайтын жеке меншік күзет ұйымдарына берілетін лицензияның талаптары күшейтіледі. Ондай күзет компанияларының арнайы кеңсесі, транспорты, пульті, оперативті тобы болуы міндеттеледі. Біз Ұлыбритания, Германия және Канада елдерінің тәжірибелерін қарап шықтық», - деп түсіндірді Марат Қожаев.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин күзет қызметіндегі мамандардың біліктіліктеріне тоқталып, бүгінде бұл саланың бизнеске айналғандығын айтты.

«Бұл қызметті бәсекелес ұйымдарға бергелі дайындық деңгейі әртүрлі адамдар осы бизнеске тартыла бастады. Бізге осы мәселені ретке келтіру керек болды. Мәселен, су бөгетін қарулы күзетшілер қарауылдауы тиіс. Яғни, бұл лицензияның категориясы күзет ұйымының қандай нысанды қорғауға қауқарлы екендігін анықтайды», - деді ол.

Мәжіліс депутаты Арман Қожахметовтың дерегіне сүйенсек, бүгінде елімізде 5 мыңнан аса жеке күзет ұйымы бар. Бұл ретте қаруды қолына алып жүру лицензиясы бар білікті күзетшілердің саны 97 116 адам. Былтыр жеке күзет күші 605 құқықбұзушылық фактіні анықтады. 11 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелуіне атсалысып, 1,2 мыңға жуық ұрлықтың жолын кескен.