Бүгін – білім күні!

0
368


Бүгін – білім күні!

Қыркүйек айы жақындағанда үш ай жазда демалған оқушылар мен мектеп қызметкерлері жаңа оқу жылына дайындықтарын бастап жібереді. Өйткені, бұл күн жаңа оқу жылының бастауы ғана емес, дәстүрлі мерекеге айналып кеткелі қашан? Ұстаздарын, мектебін, сыныбын сағынған оқушылар құшақ-құшақ гүлдерін арқалап келіп жатса, енді бір оқушылар алғаш мектеп табалдырғын аттап, олардың ата-аналары да ерекше қуанышқа бөленеді. Білім ұясына енді ғана келген бүлдіршіндер жаңа достар тауып, білім нәрімен сусындай бастайды. Тағы бір жерлерде тозығы жеткен мектептердің орнына жаңа ғимараттар бой түзеп, енді бір білім ордаларында кітап, тақта сынды жабдықтар жаңарып жатады. Сондай-ақ, бұл күні колледждер мен университеттерде де мерекелік іс-шаралар өткізіліп, көптеген түлек үлкен өмірге қадам басады. Мұның барлығы білім күнінің қатардағы дата емес екендігіне дәлел деп ойлаймыз.


Биыл да ел аумағында 1 қыркүйек кең ауқымда аталып өтті. Тиісінше, биылғы жылдың өзіндік жаңалықтары да жоқ емес. Соның ең бастысы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи мектептердің бой көтеруі. Сондай-ақ, еліміздегі мектепке дейінгі мекемелерде ата-аналарға керекті кеңестерді ұсынатын үш жарым мың пункт қызметке кірісті. Сексен жеті мыңға жуық оқушы жаңадан салынған мектерге ауысып, қуанышқа кенелді. Осы орайда биылғы оқу жылы аясында ел көлемінде үш жүзден аса білім ұясы пайдалануға берілетінін айта кету керек. Заман талабына сай бой түзеген нысандар 536 мыңнан аса орынға лайықталған. Сонымен бірге, орта арнаулы кәсіптік колледждерде білім алатын үш жүз мыңнан аса тілім алушының шәкіртақысы елу пайызға көтерілсе, 1 миллион жеті жүз мың мектеп оқушыға тегін ыстық тамақ беріліп жатыр. Одан бөлек биылдан бастап мектептерде қауіпсіздікке арналған сабақтар өткізіле бастады. Бұл кибербуллинг пен буллингке қарсы іс-шаралардың бірі деп айтсақ әбден болады.


Осы орайда, өткенге де ір көз тастап, Білім күні» мерекесінің қалай пайда болғаны жөнінде айта кетсек артық болмас. Жалпы, ашық дереккөздерде бұл күннің тарихы сонау төртінші ғасырдан бастау алады. Нақтырақ айтқанда, Рим билеушісі Константин 325 жылы бүкіл дүниежүзін тәнті ету мақсатында зәулім ғибадатхана тұрғызып, бірінші қыркүйекті жаңа жыл ретінде тойлау туралы қаулы қабылдаған. Бірақ бұл шешімге бүкіл әлем бірден келісе қоймайды. Содан мың жылдан аса уақыт өткесін, дәлірек айтсақ 1492 жылы әйгілі Иоанна үшіншінің пәрменімен жаңа жылды дәл осы датада тойлау туралы шешім шығарылады.


«Білім күнінің жаңа жылға не қатысы бар?», деп ойлаған болсаңыз, оған да жауап табатын кез келді. Аталған дәуірде білім беретін мекемелер ғибадатханаларда болған. Сондықтан жаңа жылмен бірге білім күні де аталып өтіп жүрген. Сондай-ақ, бұл күні аталған екі мереке тойланып қана қоймай, елден жаппай салық жиналған екен. Одан бөлек, билеушілердің ізбасарлары таныстырылып, мереке өтетін жерлер ерекше безендірілетін болған.


Дегенмен, он жетінші ғасыр түйінделер жылда еуропалықтармен бірдей күн кешу үшін шешім өзгертіліп, жаңа жыл мерекесі бірінші қаңтарға ауыстырылады. Яғни, өткен замандарда 1 қыркүйек білім күні ғана емес, жылдың басы ретінде саналғандықтан да оқушылар мектепке баратын болған. Ал, 1984 жылы әлемдік күнтізбеде «Білім күні» нақты белгіленіп, содан бері тұрақты мәртебесіне ие болған екен.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ