«Бұл – кино емес, мазақ»: Ермек Тұрсынов шоу-бизнес өкілдерінің режиссурасын сынап тастады

0
1 531

Қазір кино түсірмеген адам “қалған жоқ”. Қайрат Нұртас та, Төреғали Төреәлі де кино түсірді.


«Бұл – кино емес, мазақ»: Ермек Тұрсынов шоу-бизнес өкілдерінің режиссурасын сынап тастады

ERNUR.KZ. Кинорежиссер, сценарист әрі жазушы, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы, Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мүшесі Ермек Тұрсынов қалың көпшіліктің талғамсыздығы көркемдік сапасы төмен фильмдердің нарықта табысты болуына жағдай жасап отырғанын айтты. Оның пікірінше, осы себепті киноны кез келген танымал адам, шоу-бизнестің кез келген өкілі түсіре бастады, деп жазады Skifnews.kz.

Кинорежиссердың айтуынша, қазір кәсіби білімі жоқ, өз саласын жетік білмейтіндердің заманы болып тұр.

"Ән айтқанды жақсы көремін. Бірақ дауысым нашар, сол үшін әнді үйде ғана айтамын. Композитор Қуат Шілдебаев – жақын досым. Оның айтуынша, ән жазып, өзін композитор сезініп жүргендердің көбі нота танымайды. Егер композитор нота білмесе, одан не сұрауға болады? Тимур Бекмәмбетов те ешқандай дайындықсыз режиссер болып жүргендер туралы айтты. “Көршің қорқақ болса, өзіңді үркітіп өлтіреді” дейді. Мұндай нәрседен қорқатын болдым. Әрине, көзді жұмып, қолды бір сілтеп, жүре беруге де болады. Бірақ жақсылап ойлансаңыз, мұның бәрі – у", – деді Ермек Тұрсынов әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті студенттерімен кездескенде.

Ермек Тұрсынов қазір киноиндустрияға кез келген адамның араласа бастағанын сынады. Бұл кәсіби кинематографқа салқынын тигізеді әрі талғамсыздықты қалыптастырады. Сондықтан қоғам кәсіби мамандарды қолдап, талапшыл болғаны дұрыс.

"Қазақта “Қисық аяққа қызыл кебіс не керек?” деген сөз бар. Қазір кино түсірмеген адам “қалған жоқ”. Қайрат Нұртас та, Төреғали Төреәлі де кино түсірді. Камера сатып ал да, киноңды түсіре бер. Ешкім саған қой демейді. Бірақ мұның бәрін кино деп айта аламыз ба? Жоқ, бұл – кино емес, мазақ", – деді режиссер.

Қазақстан кинематографистер одағы төрағасының айтуынша, кино түсіріп жүрген шоу-бизнес өкілдері, басқа да әуесқойлар халықты шатастырғанымен қоймай, олардың талғамсыздығын пайдасына асырып жүр.

"Қоғам уланып бітті. Халық нағыз өнер мен халтураны айыра алмайтын деңгейге жетті. Мұндай бассыздыққа тосқауыл да қоя алмайсың. Өйткені бізде еркіндік бар. Көбі еркіндікті “ойға келгенді істеу” деп түсінеді. Бірақ бұл жерде халықтың да кінәсі бар. Өзіме жауап берейін. Қанша қинаса да, мұндай арзанқол киноларды көрмеймін. Ал көрерменнің ойынша, бұл – кино. Нұрлан Қоянбаевтар, Нұртас Адамбайлар халықтың талғамы төмен екенін пайдаланып, қалтасын қағып отыр. Олар бұл сұраққа мүлдем бас қатырмайды. Өйткені санасы жетпейді", – деді ол.

Қазақстан тәуелсіздік алған тұстан бүгінге дейін түсірілген фильмдердің ешқайсы Ермек Тұрсыновты таңғалдырмапты.

"Бастан-аяқ көңілімнен шыққан бірде-бір фильм жоқ. Кей картинаның жақсы жерлері бар. Кейде актер мықты болып көрінеді. Серікбол Өтепбергенов деген жас жігіт бар. Оның “Немая прохлада” деген қысқаметражды фильмін көргенде таңғалғаным бар. Көпшілік фильмді көрмеді. Өйткені әлі аяқталмаған жұмыс материалы болатын", – деді ол.

Дегенмен Ермек Тұрсынов – оптимист. Оның ойынша, бұл – уақытша құбылыс. Қоғам бұл кезеңнен де өтеді.

"Қыз Жібек", "Тақиялы періште", "Алдар көсе" сияқты фильмдердің экранға шыққанына біраз уақыт болды. Әлі күнге дейін көріп жүрміз. Әрине, ол кезде цензура болды. Экраннан арзанқол дүниелерді көрсетпейтін. Менің ойымша, мұның бәрі уақытша. Бала кезде ішің өтті екен деп, өмір бойы солай болмайды ғой. Бұл кезең де өтеді", – деді ол.

Ермек Тұрсынов Ақан Сатаев түсірген “Томирис” фильмі туралы да пікірін айтты. Оның айтуынша, “Томирис” – бір-ақ рет көрілетін фильм.

“Томиристі” Ақан Сатаев түсірген мықты туынды деп айтуға болады. Операторлық жағынан болсын, костюм мен грим жағынан болсын, бәрі керемет. Бірақ бір рет көрген соң қайта көргің келмей қалады. Неге десеңіз, өте жасанды түсіндірілген. Голливуд фильмдеріне еліктеу көп байқалады. Шәкен Айманов тіріліп келіп, арамызда жүрсе, бұл киноны ұнатпас еді. Солай ойлаймын. Мұны Ақан Сатаевтың өзіне де айттым", – деді Ермек Тұрсынов.

Айта кетейік, 2019 жылдың 6 қыркүйегінде кинорежиссер Ермек Тұрсынов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен Қоғамдық ұлттық сенім кеңесінің алғашқы отырысына қатысты. Ол Димаш Құдайберген, Ержан Максим сияқты Қазақстанда мойындалмай, кейін өзге елде танылған дара таланттардың жетістігіне ортақтасатын шенеуніктерге сын айтты. Ермек Тұрсыновтың пікірінше, мәдениетке деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мүшесі салаға жауапты ведомство жанынан мәдени саясат жөніндегі кеңес құруды ұсынды. Бұл кеңес консультация органына айналып, қадағалау функциясын жүзеге асыруы тиіс.

"Мәдениет министрлігі маңызды ведомствоның біріне айналуы қажет. Оны спорттан бөлу керек", – деді ол сол кезде.