“Бұл жалғыз жағдай емес“ - депутат Ертаевтың “бостандыққа шығуы“ туралы

0
102

2020 жылы қарашада экс-банкир Жомарт Ертаев RBK Bank-тен 144 миллиард теңге ұрлағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды.


“Бұл жалғыз жағдай емес“ - депутат Ертаевтың “бостандыққа шығуы“ туралы

фото: tengrinews.kz

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан 144 миллиард теңгені жымқырғаны үшін сотталған бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың амнистия бойынша босатылып, кейін қайта қамауға алынуына қатысты жағдайға пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.

Депутаттың айтуынша, мұндай қате жаза мерзімін есептеу кезінде заң нормаларын қолданудағы шатасудан туындаған.

"Қазір нақты айта алмаймын, өйткені апелляциялық алқаның қаулысын әлі көрген жоқпын. Бірақ нәтижесі бәріңізге белгілі, мен Бас прокуратураға жүгіндім. Прокуратура бірінші сатыдағы соттың қаулысын қайта қарауға жіберіп, оны бұзды", - деді Құспан.

Мәжілісмен Ертаевқа қатысты жағдайдың бірегей емес екенін атап өтті.

"Бұл жалғыз жағдай емес. Заңның 3-бабы 5 және 6-тармақтарын қолдану мәселесінде дау бар. Ертаев бойынша залал сомасы өте үлкен - 144 миллиард теңге. Осындай мәселелер басқа соттарда да кездеседі. Қазір бұл іспен Бас прокуратура айналысып жатыр және менің білуімше, прокуратура органдары ұқсас жағдайлар бойынша ел бойынша наразылық енгізіп жатыр. Яғни Ертаевтың ісі - жалғыз емес, осындай даулы тұстар бар", - деп түсіндірді депутат.

Абзал Құспан сот органдарының әрекеттерінде елеулі кемшіліктер болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

"Мен өз депутаттық сауалымда бұл мәселені ашық қойдым: мұнда сыбайлас жемқорлықтың белгілері бар-жоғын анықтау қажет. Прокурорлық тексеріс нәтижесін күтемін және ол туралы қоғамға хабарлауға дайынмын", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта Ертаевтың нақты қай жерде екені туралы дерек жоқ.

Бұған дейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Жомарт Ертаевтың қамауда отырғанын хабарлаған болатын.

Ертаев не үшін сотталды?

Еске салайық, 2020 жылы қарашада экс-банкир Жомарт Ертаев RBK Bank-тен 144 миллиард теңге ұрлағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Онымен бірге тағы 35 адам сотталды.

Биыл қыркүйекте сот шешімі негізінде оған рақымшылық жасалғаны белгілі болды. Алайда кейінірек сот Жомарт Ертаевқа қатысты бұл шешімнің күшін жойды. Алматы облыстық соты оның мән-жайын түсіндірді.