Видео АҚШ-тағы фан-клубтың YouTube-каналында жарияланды.
Димаш Құдайбергеннің 5 елдегі фанаттары «Дайдидау» әнін орындап, видео жариялады, деп хабарлайды ERNUR.KZ dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Видео АҚШ-тағы фан-клубтың YouTube-каналында жарияланды.
Биылғы наурыз айының басында «Dimash USA FC» аталатын америкалық фан-клубта Димаштың туған күніне орай құттықтау видеоролик түсіру идеясы туындаған.
Димаш орындаған әнді оның ана тілінде хормен шырқау ұсынылады. Фанаттар «Дайдидау» әніне тоқтайды. Себебі оның Нью-Йорктегі концертінде болған америкалық фанаттар үшін бұл әннің маңызы зор.
Осылайша, фан-клуб әкімшісі «FaceTime» арқылы видеоқоңырау стилінде видео жазып, өз идеялары туралы айтқан.
Өзге фанаттар да қолдайды деген сеніммен оны фан-клубтың Facebook-тегі ресми аккаунтына орналастырған. Құлаққап киіп, Димаштың «Дайдидау» әнін унисон орындау қажеттігі айтылады. Бірақ видеода тек олардың ғана дауысы естілуі тиіс болды.
Видеолар жиналған соң, фан-клуб әкімшісі оларды тұтас бір роликке біріктірген.
Америкалық фанаттардың айтуынша, қазақ тілінде ән айту оңайға соқпаған. Бірақ қызық болған. Транслитерацияның көмегі де тиген. Бірқатар жанкүйер бэквокал жазып, әнді одан әрі әрлей түскен.
«Жалпы алғанда, хорға АҚШ-тың 7 штаты мен төрт мемлекеттен (Нидерланды, Канада, Колумбия, Үндістан) 21 адам қатысты. Сонымен бірге, АҚШ-тың 21 штатынан және төрт елден (Аргентина, Бразилия, Канада, Нидерланды) 102 фанаттың құттықтау лебіздері видеоға жазып алынды», - делінген сайтта.