Бұрынғы министрлердің табысы мен дүние-мүлкін тексеру керек – депутат

0
612

Парақорлықпен күресте министрлер мен әкімдердің таза әрі адал қызмет етуі маңызды.


Бұрынғы министрлердің табысы мен дүние-мүлкін тексеру керек – депутат

ERNUR.KZ. Елімізде бұрын министр міндетін атқарған азаматтардың жеке табысы мен мүлкіне тексеру жүргізу ұсынылды. Ол туралы Jibek Joly телеарнасының «JJ Talk» бағдарламасының эфирінде белгілі болды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Сыбайлас жемқорлық проблемасы бойынша айтарым, балық басынан шіриді. Біз кезінде жоғары билікте отырған азаматтардың аузын тыймай, бері жағынан тыю мүмкін емес. Бұл жерде жемқорлық проблемасы тек мемлекет пен оның бюджетіне ғана байланысты емес. Бұл жерде банк жүйесі де бар», – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров.

Депутаттың айтуынша, парақорлықпен күресте министрлер мен әкімдердің таза әрі адал қызмет етуі маңызды.

«Бізде қай әкімнің қандай бизнесі бар екенін бүкіл Қазақстан біледі. Маған 30 жыл бизнеспен айналысып келе жатқан азамат бұрынғы министрлердің қандай үйі, дүние-мүлкі барын айтты, құны 1-1,5 млн тұрады деді. «30 жыл бизнеспен айналысып жүрген мен ондай үйді ала алмаймын» дейді. Менің ойымша, сол бұрынғы министрлердің табысы мен мүлкін тексеру керек. Қазір заң шықты, егер мемлекеттік қызметкер дүние-мүлкін қалай тапқанын дәлелдей алмаса, онда оны мемлекетке қайтаруы тиіс. Осы бағытта жұмысты күшейту керек», - дейді ол.

Бұған дейін Ерлан Сайыров міндетін дұрыс атқармаған министрлерді орнынан алу жөнінде ұсыныс айтылатынын және нақты кандидаттардың да барын мәлім еткен еді.