"БҰҰ стандарты": Қаржы министрі зейнет жасын төмендетуге қатысты түсініктеме берді

0
993

Оның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын қарттардың саны артып келеді.


ERNUR.KZ. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету туралы айтылған ұсынысқа қатысты ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары және Қаржы министрі Әлихан Смайылов өз пікірін білдірді, деп жазады Zakon.kz.

- Біз жақында ғана заңнамаға өзгеріс енгізгенбіз. Яғни, 10 жыл ішінде әйелдердің зейнетке шығу жасын жыл сайын алты айдан көтеріп, оны 58-ден 63 жасқа дейін апаруды көздегенбіз. Қазір осы нормалар жүзеге асырылуда, - деді ол Мәжіліс қабырғасынан тыс жерде берген сұқбатында.

Осылай деген Смайылов бұл қабылданған жаңа түзетулерді билік қайта қарауды жоспарлап отырмағанын баса айтты.

"Иә, ұсынысты естіп жатырмыз, бірақ бүкіл әлемде қазір керісінше болып жатыр ғой, әлем бойынша әйелдер 65-67 жас аралығында зейнетке шығады. Өйткені әлемдегі халықтың өмір сүру деңгейі мен өмір сүру ұзақтығы жылдан жылға жақсарып келеді", - дейді министр.

Министр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған барлық ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдар өз қадағалауына алып, оған сәйкес өз жауаптарын беретінін де айтты.

"Әрине, зейнет жасын қысқарту деген ұсынысты да қарастыратын боламыз, бірақ бүкіл әлемдегідей біздің халықтың да өмір сүру ұзақтығы жылдан жылға артып келеді. Сәйкесінше 65 жастан асқан адамдардың үлесі де өсуде. Біз 65 жастан асқан адамдар халықтың 7% -нен асқанда 70 жыл деген межені еңсеріп қойғанбыз. Бұл біздің емес, БҰҰ стандарттары бойынша қартаюшы халыққа жатқызылады. Осының бәрін есепке алу керек болады" - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын қарттардың саны артып келеді.

"Егер біз зейнетақы жүйесі тұрақты және зейнеткерлердің лайықты өмір сүруін қамсыздандыра алсын десек, онда біз бүкіл жүйенің тұрақтылығы тұрғысынан бұл мәселені қарастыруымыз керек. Қанша еңбекке жарамды жастағы азаматтар жұмыс істейді, зейнетақы жүйесінің есебінен қанша азаматты қамтамасыз етуіміз керек. Осындай талдаулар мен зерттеулер нәтижесі алдында біз қабылдаған заңнамадағы өзгерістерге негіз болған", - деп сөзін қорытындылады Смайылов.