Бюджет қаражатына казино ойнаған: экс-депутат тергеуге алынды

0
103

Ол бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидияны заңсыз алған


Бюджет қаражатына казино ойнаған: экс-депутат тергеуге алынды

фото: Sputnik / Виталий Аньков

ERNUR.KZ. Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты қылмыстық схема ұйымдастырған, деп жазады sputnik.kz.

Ол агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінген бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінді. Күдіктінің ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесі болған, мемлекеттік субсидиялау тетіктерін жетік білген. Соны пайдаланып, экс-депутат бюджет қаражатын заңсыз алудың тұрақты схемасын құрған.
"Схеманы іске асыру үшін ұйымдастырушы өзіне бағынысты кәсіпорындар мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдаланған. Уәкілетті органдарға өнеркәсіптік таңқурай алқаптарын отырғызуға арналған элиталық таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттар ұсынылған", - дейді агенттік.
Күдікті жалған сатып алу-сату шарттары, қабылдау-тапсыру актілері, электронды шот-фактуралар және отырғызу материалын өндірушілерді аттестаттау жөніндегі құжаттар рәсімдеген.
"Алайда көшеттер іс жүзінде жеткізілмеген. Ал құжаттарда көрсетілген кейбір шаруашылықтардың таңқурай өсіруге нақты мүмкіндігі болмаған. Салдарынан бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынған", - деп жазылған хабарламада.
Заңсыз алынған субсидияның 491 млн теңгесі қор нарығында операциялар жүргізуге бағытталған. Осы мақсатта күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, ол арқылы қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған.
Бұдан бөлек, тағы 400 млн теңге уақытша қаржылай көмек көрсету сылтауымен "iSolutions Capital" микроқаржы ұйымына аударылған. Кейін бұл қаражат күдікті тарапынан кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сондай-ақ экс-депутат ұрланған қаражаттың 170 млн теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсаған.

Сот санкциясымен күдіктілердің 4 пәтеріне, 3 автокөлігіне, жеке тұрғын үйіне және бағалы қағаздарына тыйым салынды. Үш күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.