Қазақстанда жалақы көлемі тұрақты түрде өсіп келеді.
Фото:www.shutterstock.com
ERNUR.KZ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың екінші тоқсанындағы ел бойынша орташа айлық номиналды жалақы 448,6 мың теңгені құрады. Оның ішінде қалалық жерлерде – 471 мың теңге, ал ауылдық жерлерде – 381,7 мың теңге, деп жазады turkystan.kz.
Номиналды мәнде орташа айлық жалақы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,3%-ға артқан, ал алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 6%-ға жоғарылаған.
Соңғы бес жылда орташа айлық жалақы екі еседен астам өскен. Мұндай өсім ел экономикасындағы құрылымдық өзгерістерді, шикізаттық емес салалардың дамуын, инвестициялардың көбеюін және бизнестің цифрлануын көрсетеді.
Бүгінде еңбек нарығы мамандардың кәсібилігі мен құзыреттеріне барған сайын көбірек мән беріп келеді. Сондықтан қазіргі таңда табыс деңгейі тек салаға емес, сонымен қатар қызметкердің өзіне – оның даму мен оқуға деген ұмтылысына, еңбек нарығындағы құндылығын арттыра білу қабілетіне де байланысты. Қазақстандық еңбек нарығы біртіндеп «лауазымға қарай ақы төлеу» моделінен «құзыретке қарай ақы төлеу» моделіне өтіп келеді. Мұнда білім, тәжірибе және бейімделу қабілеті жалақы өсімінің негізгі көзіне айналуда.
Жалпы, Қазақстандағы жалақы деңгейі Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең жоғарысы және өңірлік орта көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Мәселен, Қазақстандағы орташа айлық номиналды жалақы (448,6 мың тг)
— Өзбекстандағы (шамамен 265 мың тг) көрсеткіштен 70%-ға,
— Қырғызстандағы (259,2 мың тг) көрсеткіштен 73%-ға,
— Тәжікстандағыдан шамамен 2,5 есе жоғары.
2025 жылдың екінші тоқсанында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың үшінші тоқсанынан бері төмендеп келеді және ел тарихындағы ең төмен деңгей саналады.
Өткен жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда, жұмыспен қамтылғандар саны 110,1 мың адамға артқан, ал жұмыссыздар саны 2,2 мың адамға азайған.
2025 жылғы 20 қазанға қарай Электронды еңбек биржасында 65 мыңнан астам бос жұмыс орны орналастырылған, олардың көпшілігі жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Жыл басынан бері 500 мыңнан астам жұмысшы мамандықтары бойынша бос орындар жарияланған. Алайда жұмыс тәжірибесінсіз қызметкерлерді қабылдауға дайын жұмыс берушілер тек 14,8 мың бос орын (жалпы санының 22,8%-ы) бойынша ғана бар. Қалғандары бойынша жұмыс тәжірибесі талап етіледі. Бұл да ең үлкен сұраныс білікті мамандарға екенін көрсетеді. Дегенмен, біліктілігі төмен қызметкерлер үшін де ұсыныстар жеткілікті.
Жалақы мөлшері ең төменгі деңгейден 1 миллион теңгеге дейін өзгереді.
Қалалық жерлердегі ең сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар:
қара жұмысшы — 350–600 мың тг;
автобус жүргізушісі — 400–600 мың тг;
ораушы-фасовщик — 400–650 мың тг;
арнайы техника машинисті — 400–700 мың тг;
тракторшы — 350–450 мың тг;
дәнекерлеуші — 350 мың теңгеден жоғары.
Ауылдық жерлердегі ең сұранысқа ие мамандықтар:
жер астындағы кенші — 350–450 мың тг;
жер асты электрослесарі — 400–500 мың тг;
тиеу-жеткізу машинасының машинисті — 400–500 мың тг;
электргаздәнекерлеуші — 350–400 мың тг;
құрылыс монтажшысы — 400–500 мың тг;
проходчик — 750–800 мың тг;
кенші — 350–450 мың тг;
қарапайым құрылыс жұмысшысы — 350–400 мың тг.
Осылайша, бүгінде жұмыс істеуге ниетті әр адам үшін мүмкіндік бар, әсіресе жұмысшы мамандықтар арасында. Сонымен қатар, бастапқы жалақы деңгейі де айтарлықтай жоғары болып отыр.