Қазақстанның жабайы табиғатына жіберілген Үміт атты жолбарыс қабан, бұғы, қасқыр аулаған.
Сурет: gov.kz
ERNUR.KZ. "Іле-Балқаш" резерватына кейінірек жіберілген Амур да өздігінен аң аулай бастаған. Бұл туралы Орман шаруашылығы комитеті мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.
Үміт қандай жануарларды аулады?
Мамандардың мәліметінше, Үміт жаңа аумаққа бейімделіп, табиғи ортада қорегін өзі аулап жүр.
"Мамандардың мәліметінше, жабайы табиғатқа жіберілгеннен кейін Үміт табиғи ортада аң аулап жүр. Ол қабан, бұғы, қасқыр аулаған", – деп жазылған комитет хабарламасында.
Амур де өз бетінше қорек табуды үйренген. Ол жабайы табиғатқа жіберілгеннен кейін екі рет аң аулағаны анықталған.
"Спутник қарғыбау арқылы жүргізілген бақылау кезінде жолбарыс бірнеше күн бойы жүрген аумақтар анықталды. Мамандар сол жерлерді тексеріп, жануарлардың өлекселерін тапты. Бұл оның аң аулағанын растады", – деді ведомство өкілдері.
Мамандар жолбарыстарды қалай бақылайды?
Орман шаруашылығы комитеті екі жыртқыш та жабайы табиғатқа бейімделіп жатқанын мәлімдеді.
Мамандар олардың қозғалысы мен мінез-құлқын спутник қарғыбау арқылы бақылайды. Сонымен қатар, жануарлар мекендейтін аумақты үнемі тексеріп отырады.
Қазақстандағы жолбарыстар туралы не белгілі?
Еске салайық, 31 қазанда "Іле-Балқаш" резерватында Амур атты екінші Амур жолбарысы жабайы табиғатқа жіберілді.
Үміт резерватты 31 шілдеден бері мекендейді. Оның табиғатқа жіберілуі Қазақстанда 70 жылдан аса уақыттан кейін жолбарысты жабайы ортаға қайта жіберген алғашқы жағдай болды. Қазір ол жаңа мекеніне бейімделіп, өздігінен аң аулап жүр.


