Бүгінде елімізде 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді, оның 5 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан.
ERNUR.KZ. Соңғы жеті жылда 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1 342 мектеп салынды. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов осындай деректерді жария етті.
Оның айтуынша, бұл қолданыстағы мектептерге түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ үш ауысымды оқыту, апатты мектептер және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік берді.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2019-2026 жылдары үш ауысымды мектептер саны 5 есеге, апатты мектептер саны 2 есеге, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы 4 есеге қысқарды», – деді спикер баспасөз конференциясында.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Тағы бір жүйелі шешім ретінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар тұлғалардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылатын Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды.
«Қор қаражаты есебінен 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Бүгінгі таңда оның 83-і пайдалануға берілді, қалған жеті нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр», – деп атап өтті оқу-ағарту вице-министрі.


