Депутаттың айтуынша, озық елдердің тәжірибесіне қарасақ, шағын және орта бизнестің дамуында банк саласы серпін беретінін көруге болады.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан еліміздегі базалық мөлшерлемені төмендетуді сұрады, деп жазады Stan.kz
Депутаттың айтуынша, озық елдердің тәжірибесіне қарасақ, шағын және орта бизнестің дамуында банк саласы серпін беретінін көруге болады.
“Яғни екінші деңгейлі банктер елдің дамуында шешуші рөл атқарады. take-profit.org биржалық порталында әлем елдеріндегі банктердің пайыздық мөлшері туралы ақпаратты табуға болады. Дерек көздерінде Қазақстан Ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшері 16,75 % (2023 жылдың сәуір айы) екені көрсетілген. Бұл ретте 159 елдің ішінде 143-ші орында тұрмыз. Әлемнің озық елдерін саралайтын болсақ, Кореяда – 3,5%, Қытайда – 3,65%, Германия – 3,75%, Англияда 4,25 пайыз деңгейінде белгіленген. Шетелдегі қаржылық институттар шағын және орта бизнестің дамуына мүдделілік танытып, бизнес жобаларды көптеп қаржыландырып жатады. Енді өзімізбен деңгейлес посткеңестік елдерге келетін болсақ, Өзбекстан Ұлттық банкінің пайыздық мөлшері 14% пайыз құраса, Қырғызстанда – 13%, Тәжікстанда – 10%, Әзірбайжанда 9% пайыз деңгейінде", - деді Құспан Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі банктердің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары.
"Сарапшылардың айтуынша, пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы нарықтағы тауар мен қызмет бағасының негізсіз өсуіне әкеп соғады. Олай болса, елдегі қымбатшылыққа банктер де жауапты деген сөз. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, ВТБ Банк пен "Bereke bank" АҚ жылдық пайыздық ставкасы 21,5% пайызды құрады. "Банк ЦентрКредит" АҚ – 23,6% пайыз, "Еуразиялық банк" АҚ – 23,7% пайызды, "Kaspi bank" АҚ – 24,4% пайыз, Home credit bank" АҚ 28,5% пайыз көлемінде кредит береді. Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндеттерін қосыңыз. Сонда тұтынушылар кредитті 4-5 жылға рәсімдеген жағдайда, банктке қарызды екі-үш есе қосып қайтарады. Бұл дегеніңіз, халықты қанаумен тең", - деді депутат.
Оның айтуынша, осының салдарынан ипотекалық және автокредиттер 25% пайызға дейін, ал қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредитті 56% пайызға дейін көтеріп, халықтың белшесінен қарызға батырып отыр.
"Ел арасында мемлекет кредитті кешіреді екен деген әңгіме желдей есіп жүр. Неге? Өйткені кредитін төлей алмай отырған адамдар көп. "Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ-ның 2023 жылдың сәуір айында жүргізген статистикасына сай 7,5 миллион қазақстандықтың қарызы өтелмеген, бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77% пайызын құрады. Елдің 1,5 миллион тұрғыны несие бойынша төлемді 90 және одан көп күнге кешіктіріп төлеген. Біз әлем елдерінің қаржылық, экономикалық мүмкіндіктерін зерделеп, Қазақстан Ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшерін (базалық ставканы) төмендетуді ұсынамыз. Айналып келгенде, халықтың тұрмыстық жағдайын оңалтудың нақты қадамы болар еді. Экономикалық белсенді жастардың қаржы саласындағы сауатын көтеру бағытында Үкімет тиісті бағдарламарды дайындап, жаңа жобаларды жасау қажет. Шағын және орта кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырудың оңтайлы жолдарын пысықтаған жөн", - деді Абзал Құспан.