Депутат: Халықтың осындай жағдайға тап болғаны – биліктің кінәсі

0
1 424

Елдегі зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту керек.


Депутат: Халықтың осындай жағдайға тап болғаны – биліктің кінәсі

ERNUR.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Әділ Жұбанов ең төменгі зейнетақы мөлшерін ең төменгі жалақымен теңестіруді ұсынды, деп жазады baq.kz.

Зейнеткерлерге лайықты әрі жақсы зейнетақы төлеу – ел тұрғындарын қорғау элементі. Елдердегі зейнетақы мөлшері негізінде сол елдің экономикалық даму деңгейін, демографиялық жағдайды және әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясатты анықтауға болады. Қарапайым халықтың әл-ауқаты қаншалықты жақсарып жатқаны мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерінің артуынан байқалады. Қазақстанда 30 жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша шешімін таппаған ең басты мәселе – халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі. Еліміз бай болса да, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған халық саны жыл сайын артып отыр. Шын мәнінде, 30 жылда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеміз. Бұл халықтың қарызға кіріп, несиенің құрығына түсуге итермелейді. Мемлекет белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерi – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес, - деді депутат Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, елдегі зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту керек.

Бұл ретте ең аз зейнетақы алатын зейнеткерлердің зейнетақысын көбейтудің маңызы зор. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажет. Зейнетақы жүйесіндегі тиімді өзгерістер – зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайының, өмір сүру сапасының аз да болса артуының бірден-бір көрсеткіші. Біздің елде зейнеткердің ең төменгі зейнетақысы дәрі-дәрмек пен дұрыс демалуды айтпағанда, тамағына әрең жетеді. Биыл ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге көтерілсе, келесі жылы 85 мың теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылды. Ал, осы ең төменгі жалақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейін ескере отырып бекітіледі. Сондықтан зейнетақының ең төменгі мөлшерлемесін ең төменгі жалақымен теңестіру – Үкімет алдындағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі болуы қажет деп есептеймін, - деді Әділ Жұбанов.

Сонымен қатар ол мемлекет азаматтардың ең төменгі жалақы деңгейінен төмен емес зейнетақы алуына кепілдік беруі қажеттігін алға тартты.

Әлемнің кейбір елдерінде адамның зейнетақысы белгіленген ең төменгі мөлшерден төмен болса, онда мұндай зейнеткерге әлеуметтік үстемеақы төлеу тәжірибесі бар. Ең төменгі зейнетақыны алатын кім деген сұрақ туындайды? Ол – еңбеқ өтілімі жоқ, зейнетақы қорына ақшасы салынбаған адам. Ондай адамдар көбіне ауылдық жердің тұрғындары. Ауыл тұрғынында еңбек өтілімі қайдан болады, егер сол кездегі мемлекет басшысы жасап тұрған совхоздар мен колхоздарды күшпен таратып, енді біз етті Бразилия, Аргентинадан аламыз десе? Сондықтан халықтың осындай жағдайға тап болғанына биліктің де кінәсі зор, - деді ол.