Депутат жанар-жағармай бағасының қымбаттағаны үшін қазақстандықтарға өтемақы төлеуді ұсынды

0
1 999

Ол тапшылықтың алдын алу үшін бағаны теңестіру амалсыз, бірақ прагматикалық шешім болғанын мойындайды.


Депутат жанар-жағармай бағасының қымбаттағаны үшін қазақстандықтарға өтемақы төлеуді ұсынды

ERNUR.KZ. Жанар-жағармай бағасының жағдайына тоқталған мәжіліс депутаты Асқар Садықов бензин мен дизель отынының соңынан қымбаттайтын қызметтер үшін өтемақы төлеуді енгізуді ұсынды, деп жазады stan.kz.

Садықов үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында энергетика министрлігі жариялаған жанар-жағармай бағасының көтерілуі халық арасында үлкен резонанс тудырғанын атап өткен.

Ол тапшылықтың алдын алу үшін бағаны теңестіру амалсыз, бірақ прагматикалық шешім болғанын мойындайды. Бірақ, депутаттың айтуынша, үкімет бұл мәселені құн тізбегіндегі бағалардың, ең алдымен коммуналдық қызметтер тарифтерінің, ауыл шаруашылығы өнімдері мен халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының өсуінің салдарын ескермей, бұл сұрақты толық зерттемей тұрып көтерген.

"Мұндай тәсілмен жанар-жағармай бағасының көтерілуі халықтың аз қамтылған топтарына, сондай-ақ ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне, шағын және орта бизнеске зиянын тигізеді. Жанар-жағармай материалдарының баға құрылымы мүлдем басқа мәселе. Мәселен, Ресейде бір литр бензиндегі шикізат құны 12 пайызды, ал салықтар мен акциздер 69 пайызды құрайды. Яғни жанармайдың пайдасы бірінші кезекте бюджетке түседі. Ал Қазақстанда бензин бағасының шикізат құны 58 пайызды құраса, салық тек 15 пайызға тең. Демек, бағаның өсуінен мұнай компаниялары мен делдалдар пайда көреді. Мемлекет басшысының үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде мұндай делдалдарды тауып, алып тастауды талап етуі бекер емес. Бұл сұраққа реттеуші органдар жауап беруі тиіс", – дейді ол.

Депутат өз кезегінде жанар-жағармай бағасын көтеру туралы шешімді халықтың аз қамтылған топтарын қорғау шараларымен толықтыруды, атап айтқанда, осыған байланысты шығыстар (коммуналдық қызметтер, көлік) үшін өтемақы төлемдерін енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілерінен және агроөнеркәсіптік кешеннен халыққа арналған әлеуметтік маңызы бар тауарлар – азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек және аяқ киім өндірушілеріне бекітілген тарифтер енгізу мәселесін пысықтау қажет, дейді ол.

Сонымен қатар мәжіліс депутаты мұнай-газ саласындағы делдалдық фирмаларды анықтау және жою бойынша шаралар қабылдауды сұрады және нарықта сұраныста жоқ мұнай өңдеу өнімдерін экспортқа шығаруға тыйым салуды алып тастау мүмкіндігін қарастыруды өтінген.