Дүниежүзілік банк Аралда екінші бөгет салуға 1,5 миллион доллар бөледі

0
652

Былтыр Қырғызстанда фермерлер құрғақшылық салдарынан митингіге шыққан еді.


Дүниежүзілік банк Аралда екінші бөгет салуға 1,5 миллион доллар бөледі

ERNUR.KZ. Парламент мәжілісінде алдағы уақытта Қазақстанның Су кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасы талқыланып жатыр, деп жазады stan.kz.

Су кодексі туралы өткен парламент мәжілісінің отырысында баяндама жасаған су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке депутат Мархабат Жайымбетов Арал теңізінің жағдайына байланысты сұрақ қойды.

“Мен Арал мәселесін қайта-қайта көтеріп жүргенімді білесіздер. Кезінде Көкарал бөгетін салуға жүздеген миллиард кетті. Осы мәселені шешпесек, біз Аралдан айырылып қаламыз", – деді ол.

Сондай-ақ ол Қырғызстанмен су бөлісу мәселесі қалай шешіліп жатқанын кеңірек айтуды сұрады.

“Ең негізгі су Тоқтағұл су қоймасынан келеді. Бұл Қырғызстанмен шешілмей келе жатқан мәселе. Осы бағытта қандай жұмыс атқарып жатсыздар, ашып айтсаңыз”, – деп сұрады Жайымбетов.

Оған министрлік басшысы бәрі схема бойынша жүретінін айтты.

"Судың деңгейі жақсы болғанда Сырдария арқылы 12 текше километр су өтуі керек. Су деңгейі төмендеген кезде 10 текше километр болуы қажет. Былтыр қаңтар айынан бастап Тоқтағұлдан су көп жіберілді. Қазақстанға 13,4 текше километр су жетті. Соның 2 текше километрі Солтүстік Арал теңізіне ағылды. Қазір Солтүстік Аралда 20 текше километр су бар. Көкарал дамбасын өз күшімізбен жаңғыртып жатырмыз. Биыл 1,9 миллиард қаражат бөлінді. Жұмыс осы жылы аяқталады", - деп атап өтті ол.

Одан бөлек, Нұржан Нұржігітов қосымша 7 текше километр суды жинау үшін министрлік пен Аралды құтқару қорымен бірлесіп Дүниежүзілік банкпен жұмыс істеп жатқанын айтты.

"Дүниежүзілік банктен грант есебінен 1,5 миллион доллар қаражат бөлінді. Жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Екінші дамба және Арал жағынан 7 километр суды жеткізу үшін қосымша ирригациялық жүйе соғылады. Қазір құрылыс жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Одан кейін экологиялық және басқа да сараптамаларға жіберіледі. Бәрі дұрыс болса Дүниежүзілік банк жобаны қаржыландыруға дайын. Біз осы жұмысты биыл бітіріп, 2025 жылдан екінші кезеңге кірісуіміз керек. Екінші кезең аяқталған соң 27 текше километр суды Солтүстік Аралға жинаймыз", - деп түйіндеді сөзін.

Былтыр Қырғызстанда фермерлер құрғақшылық салдарынан митингіге шыққан еді. Кейбір депутаттар мұны Тоқтағұл су қоймасынан электр энергиясының орнына Қазақстан мен Өзбекстанға судың өтуімен байланыстырды. Қырғыз үкіметінің басшысы алдағы уақытта ел электр энергиясын қолма-қол ақшаға ғана сатып алатынын мәлімдеді.

БАҚ Қазақстан мен Қырғызстан арасында су мәселесіне қатысты жаңа дау туындағанын, Бішкек суға байланысты Қазақстанның Қырғызстанға деген тәуелділігін қысым жасаудың басты құралына айналдырғанын жазды.