Екі түрлі вакцина салдыруға бола ма - маман жауабы

0
875

"Спутник V" салдырғаннан кейін басқа вакцинаны қанша уақыттан соң егуге болады?


Екі түрлі вакцина салдыруға бола ма - маман жауабы

ERNUR.KZ. БҒМ Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ бас директоры Күнсұлу Закарья қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы екі түрлі вакцина салдыруға бола ма деген сұраққа жауап берді, деп жазады Tengrinews.kz.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы "Спутник V" ресейлік вакцинасын салдырды. Кейінірек оның баспасөз хатшысы Берік Уәли "Мемлекет басшысы келесі ретте коронавирусқа қарсы отандық вакцина алуға ниетті" екенін мәлімдеді.

Осыдан "коронавирусқа қарсы түрлі вакциналарды егуге бола ма?" деген сұрақ туындайды.

"Жыл сайын тұмауға қарсы вакцинаны, Қазақстанға жеткізілетін түрлі вакцинаны салдырамыз. Біз ол вакцина қайда жасалды деп сұрамаймыз. Емханаға шақырғанда, барып екпе жасатамыз. Жыл сайын біраз уақыт өткеннен кейін басқа вакцина салдыруға болады. Тек бір уақытта, бірдей вакцинациялауға болмайды", - деп түсіндірді БҒМ Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ бас директоры Күнсұлу Закарья.

Ол "Спутник V" салдырғаннан кейін басқа вакцинаны қанша уақыттан соң егуге болатынын әлі айта алмайтынын түсіндірді.

"Әр вакцинаның өзіндік тиімділік уақыты бар, ол мерзім аяқталғанда адам басқа вакцина салдыра алады. Мұндай жағдайда ағзада ешқандай қақтығыстар болмайды, ең бастысы, бір уақытта екі вакцина егілмесе болды. Бірақ негізі бұл мәселе әлемде әлі зерттелмеген. Адам бірден екі вакцина алса, ағзасы қалай әрекет ететініне зерттеу жүргізілген жоқ. Яғни, бұл біздің құзыретімізде емес", - деп түсіндірді Закарья.

Ол вакцинаның екі компоненті де бір өндірушіден болуы тиіс екенін түсіндірді. Себебі барлық вакцина әртүрлі.