Осыдан үш жыл бұрын елімізде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы әзірленген.
ERNUR.KZ. Құжатта бірқатар маңызды міндет көзделген. Біріншісіне сәйкес елде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны жоспарланған, оның ішінде 260 медициналық пункт, 235 ФАП және 160 дәрігерлік амбулатория салынады. Олардың 228-і медициналық объектілері болмаған ауылдарда, 427-сі тозған ғимараттардың орнына салынады. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, МСАК ұйымдарына қажеттілікті қалыптастыру, ауылдық елді мекендерді іріктеу ЖАО деректері бойынша халық санын ескере отырып, денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіне сәйкес жүзеге асырылған.
«Екінші міндет бойынша тиісті бөлімшелерді – инсульт және кардиохирургия, медициналық оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерін аша отырып, 32 заманауи көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту, сондай-ақ медицналық жабдықтармен жарақтандыру», – деді спикер.
Үшінші міндетке сәйкес медициналық ұйымдарда жұмыс істеу үшін 1100-ден астам маман даярлау жоспарлануда. Ұлттық жобадағы негізгі мақсаттар арасында нормативтерге сәйкес МСАК ұйымдары мен ауылдық елдімекендерді қамтамасыз ету, қосымша 4 млн астам ауыл тұрғынын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз ету, инфаркт, инсульт және басқа да жарақаттар алған кезде ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсету үшін алтын сағат қағидатын сақтауды қамтамасыз ету бар. Сондай-ақ қан ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету мен ауылдық елді мекендерді медициналық кадрлармен қамту деңгейін жоғарылату болатын.
Жобаны іске асыру қысқа мерзімде ауыл мен қала арасындағы медициналық көмекке қол жеткізу алшақтығын қысқартуға, Қазақстанның денсаулық сақтау саласын кадрлық, инфрақұрлымдық және технологиялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.