Жоғарғы аудиторлық палата мектептерде тексеру жүргізді.
фото: Акимат Абайской области
ERNUR.KZ. Қазақстанның орта білім беру саласында 62,4 млрд теңге қаражат пен ресурстарды тиімсіз жоспарлау анықталды, деп жазады sputnik.kz.
Анықталғандай, білім беру стандарттары саласындағы реформалар жүйелі жүргізілмейді. Оқу жоспарларындағы жиі өзгерістер шығарылып қойған оқулықтарды қайта қарауға және бюджеттің тиімсіз шығыстарына әкеледі. Соңғы 5 жылда оқулықтарды қайта қарау салдарынан экономикалық шығындар 16 млрд теңгеден асқан.
"Оқулықтардың сапасын сараптау мен бақылауда кемшіліктер анықталды. 5 жыл ішінде бағалау өлшемшарттары 12 рет өзгерген, бұл орнықты бағалау жүйесінің жоқ екенін көрсетеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау ақпараттық жүйесі арқылы сараптама тәртібі іске асырылмаған, рәсімдер қағаз жүзінде жүргізіледі", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар лицензиялау сапалы білім алудағы мемлекеттік кепілдігінің бірі болса да, елде мемлекеттік мектептерді қоса алғанда, 66 мектеп лицензиясыз жұмыс істейді. Аттестаттаудан сәтті өту пайызы төмен, бұл білім беру мекемелерінде таралған жүйелі проблемаларды дәлелдейді. Мектептердің тек 18,2%-ы аттестаттаудан бір дегеннен өте алады.
Жалпы мемлекеттік аудит барысында 1,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 62,4 млрд теңгеге қаражат пен ресурстарды тиімсіз жоспарлау, 3,2 млрд теңгені тиімсіз пайдалану анықталды.