Бір адамның 3 миллион теңгеден аспайтын 2-3 несиесінің айыппұлдары да кешіріледі.
ERNUR.KZ. Елімізде 500 мыңнан астам адамның несиесі есептен шығарылады. Бұл тізім әлі де толығуы мүмкін. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова үкіметтің баспасөз конференциясында айтты, деп жазады baq.kz.
«Деректер базасын салыстыру жүргізілді, көрсетілген санаттарға жататын адамдардың жеке деректері анықталды. Несиелік бюроға 2 миллион 289 мыңнан астам адамның деректері жіберілді. Қазіргі саны тағы анықталды, тізім берілді. Енді несиелік бюро екінші деңгейлі банктермен бірлесіп тексереді. Сосын әрбір тұлғаның қанша несиесі бар екенін анықтайды. Қарыз сомасын, жарлықтың талаптарына сәйкес, мәліметтер несиелік бюроға жіберілді. Тиісінше, проблемалы несиелер қоры екінші деңгейлі банктермен келісім жасасады. Бүгінгі күнге дейін несиесі өтелетін шамамен 507 мың адам белгілі болды», - деді Жақыпова.
Сонымен бірге ол бір адамның 3 миллион теңгеден аспайтын 2-3 несиесінің айыппұлдары кешірілетінін айтты.
«Қоғамда көптеген сұрақтар туындап жатыр. Егер ерлі-зайыптылардың екеуінің бірдей несиесі болса, онда оларды қалай төлейді дегендей. Жарлықтың талаптарына сәйкес келсе екеуінің де несиесі төленеді»,- дейді вице-министр.
Оның айтуынша, egov порталында азаматтарды ескерту үшін олардың мәртебесін анықтау қызметі ұйымдастырылған. Мұнда барлығы порталға ЭЦҚ көмегімен кіріп, ЖСН енгізіп, жауап ала алады.
«Болашақта біз бұл қызметті жақсартуды жоспарлап отырмыз, өйткені бүгінде азаматтардың сұрақтары көп. Кейбір азаматтар өздерінің мәртебесін анықтай алмағаны туралы өтінішерін айтып жатыр. Олар өздерін осы немесе басқа категорияға жатқызатындарын білмейді. Тізім әлі де толық емес. Егер азамат өзінің жарлықтағы санаттардың біреуіне сәйкес келетінін анықтаса, тізім толықтырылады », - дейді Светлана Жақыпова.